Тараз вокзалында бірнеше кемшіліктер анықталды

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Жамбыл облысы әкімдігінің жанындағы ономастикалық комиссияның отырысында өңірдегі қызмет көрсету орындарындағы жарнамалардың, көрнекі құралдардың орналасу тәртібі қаралды. Соның ішінде «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ – Жамбыл бөлімшесіндегі ахуал да сөз болды.

Соның ішінде Жамбыл магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Тараз вокзалында деректемелер мен көрнекі ақпарат тілі талаптарының сақталуына зерделеу жұмыстары жөнінде комиссия төрағасы – облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова айтты.

«Тараз теміржол вокзалында көрнекіліктерді орналастыруда тіл нормалары негізінен сақталуда. Пойыздардың жүру кестесі екі тілде хабарланады, жазылады, әр 3 минут сайын өзгеріп тұрады. Алайда, көрнекіліктер мен жарнамаларды орналастыруда кей жерлерде кемшіліктерге де жол берілуде», – деген Рахия Сейітбекқызының айтуынша, Тараз вокзалында барлығы 20 көрнекі ақпараттың 8-і заң талаптарына сәйкес емес.

Мысалы, билет сататын №4 және 5 кассалардың жұмыс кестелері, «Көліктегі полиция департаменті» атты көрнекіліктердегі ақпараттар сол жағында ресми тілде,   оң жағында мемлекеттік тілде орналастырылған. «Ал «Ақпарат. Информация», «Қазақстан Республикасы көші-қон заңнамасы» атты көрнекіліктердің атауы мемлекеттік және ресми тілде болғанымен, оған ілінген ақпараттың барлығы тек орыс тілінде ұсынылған. Мәселен, «Жамбылская транспортная прокуратура», «Хотите работать в КТЖ», «Менингит» сияқты», – деп атап өтті комиссия төрағасы.

Маманның сөзіне қарағанда, кейбір көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілдегі атаулар жазылмаған, жарнамалардың мәтіні тек бір тілде, орыс тілінде ғана ұсынылған. Кейбірінде көрнекілік атауы қазақ тілінде болғанымен, қызмет көрсету түрлері толығымен орыс тілінде жазылыпты. Ақпараттардың жазылуында да орын тәртібі заң талаптарына сәйкес сақталмаған, қазақ және орыс тіліндегі мәтіндердегі қаріптердің әртүрлілігі де бар.

«Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі ғимаратында орналасқан 35 көрнекі ақпараттың 10-да кемшіліктер анықталды. Мәселен, «Өрт қауіпсіздігі. Пожарная безопасность» және «АҚ ҚТЖ-ЖҮК ТАСЫМАЛЫ. АО КТЖ –ГРУЗОВЫЕ ПЕРЕВОЗКИ», «Ақпарат-Информация» атты көрнекіліктерінің атаулары екі тілде, бірдей көлемдегі әріптермен жазылғанымен, ондағы ақпараттың барлығы тек орыс тілінде көрсетілген. «Сохраним природу вместе!!! Внедрение раздельного сбора отходов», «Интеграционная система менеджмента», «Антикоррупция» атты көрнекі ақпараттар және ғимаратқа кіреберістегі тақтайшаға жазылған Президенттің биылғы 16 наурыздағы «Төтенше жағдай туралы» Жарлығы тек орыс тілде орналастырылған», – деді ол.

Мекемедегі бірыңғай сенім телефондары туралы көрнекілікте ақпараттардың берілуінде де кемшілік бар. Орыс тіліндегі ақпарат қалың қаріптермен жазылған. Зерделеу барысында Жүк тасымалы бөлімшесі мен Тараз вокзалының жауапты қызметкерлеріне «Тіл туралы» Заңның 21-бабының талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бұл жайында бөлімше директорының орынбасары Дүйсен Сыдықов пен вокзал басшысы Талғат Төлебеков айтып өтті.

«Біз орын алған олқылықтармен келісеміз. Жақын арада бұл қателіктердің барлығы түзетілетін болады. Аталған мәселемен арнайы мамандарымыз айналысу үстінде. Алдағы уақытта Жамбыл өңіріндегі бөлімшеге қарасты мекемелердің барлығында көрнекі құралдар мен ақпарат тақтайшаларында ілінетін құжаттар тиісті заң талаптарына сай жасалады», – деп сендірді Дүйсен Сыдықов.