Ер еңсесін көтерді

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбе жол дистанциясының ұйымшыл ұжымы «Біз біргеміз» акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік қоржындарын таратты. Олар жарақат алып, жұмыстан шеттеп қалған кешегі әріптестерінің шаңырағында болып, жүдеген көңілдерді көтерді.

Халықаралық бағалау бойынша, әлемдегі 300 ірі компания қызметкерлерінің үштен бірі апта сайын жұмыс күнінің бір сағатын ерікті іске жұмсайды екен. Еліміздегі алпауыт компаниялардың бірі саналатын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ұжымы да мұндай игі істен қалыс қалып жатқан жоқ.

Әсіресе, ел басына қиын күн туған шақта компанияда жақсылық жасап жарысқан жандардың қатары артты. Аға буын бастап, орта буын қоштап, жастар да жақсы іске мұрындық болуда. «Жаһан жұрты күрескен індет біздің елімізден де тысқары қалмады. Көзге көрінбейтін дерт қызыл жалындай шарпып, барлық өңірде карантиндік шектеу шаралары күшейді.

Осындай кезде мүгедек жандар үшін көпшілік жерге, қоғамдық ортаға шығу қиын. Біз мүгедектік алып үйде отырып қалған әріптестерімізге қол ұшын созуға тырыстық. Олармен бірге екенімізді көрсеткіміз келді», – дейді Ақтөбе жол дистанциясының кәсіподақ төрағасы Елжан Жұмабаев. Олар 2018 жылы жарақат алып, екінші топ мүгедегі болып қалған Ерсін Тәжікен мен 1993 жылдан бері арбаға таңылған Марғұлан Жетесовтің шаңырағында болып, қолдан келгенше азық-түлік, қажетті заттар жеткізіп беріп, қолдау көрсеткен. 27 жылдан бері арбада отырған азамат әріптестерін көргенде еңсесі көтеріліп қалғанын жасырмады.

«1990 жылдары Бершүгір жол дистанциясында еңбек еттім. Жол жөндеу жұмыстарымен айналыстық. 1993 жылдан бастап арбада отырамын. Әрқашан қолдау көрсетіп жүретін әріптестеріме алғысым шексіз. Жұмыстары жемісті болсын. Өндірісте қате болмасын», – дейді Марғұлан Жетесов.

Бұрынғы теміржолшы денсаулығына байланысты 1998 жылдан бері қалада тұрады. Бір бала тәрбиелеп отыр. Ақтөбе жол дистанциясының ұжымы ел басына күн туған кезде қиындықты бірлікпен ғана жеңуге болатынын қайырымдылық ісәрекеттерімен дәлелдеуде. Мекеме осыған дейін мыңға жуық бетпердені теміржолшыларға тегін таратқан болатын.