Экологиялық мәдениет қалыптастыруда

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семей ЖТ бөлімшесі бойынша жыл басынан бері экологиялық ісшараларға да басымдық берілуде. Бұл ретте бөлімшеге қарасты мекемелерде бірқатар жаңашылдықтар да орын алған.

Теміржолшылар арасында жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыруға бағытталған тың жұмыстар легінің арасында тұрмыстық қалдықтар жинауға арналған экобокстарды атап өтуге болады.

Ол үшін арнайы іс-шаралар жоспары жасалынып, тіпті, барлық қызметкерлер арасында техникалық дәріс те өткізіліпті. Бүгінде жоспарға сай үш секциядан тұратын 20 бірлік экобокс алынған.

Барлық теміржол мекемелеріне енгізілген осы жүйенің нәтижесінде қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі айтарлықтай азайыпты.

Алайда, баса атап өтер жайт, бөлімше басшылығы осыдан біраз уақыт бұрын қалдықтарды шикізат ретінде екінші қайтара өңдейтін «Нуржигитов Е.Б.» жеке кәсіпкерлігімен арнайы келісімшартқа отырған болатын. Кэшбек-сервис жүйесі аясындағы бұл әріптестік бойынша жиналған қалдықтардың орнына аталмыш мекеме теміржолшыларға канцеляриялық тауарлар ұсынуда.

– Контейнер түріндегі экобокстарда қалдықтардың үш түрі, яғни шыны, пластик және қағаз өнімдері жиналады. Экологиялық тұрғыдан берер пайдасы сол, қатты қалдықтар тасымалына кететін күш пен уақытты азайтады. Қайта өңдеуден табыс түссе, көму мен жоюға шығын кетпейді әрі табиғатқа да қауіпсіз. Бұл жүйені алғашқылардың бірі болып Орал ЖТ бөлімшесі қолданысқа енгізген болатын. Өзге бөлімшелердегі әріптестерімізбен тәжірибе алмасып отырамыз. Қазіргі күні кеңседе жұмыс істейтін теміржолшылардың барлығы да өркениетті қоғамға лайық жаңа жүйеге бейімделді, – дейді Семей ЖТ бөлімшесінің қоршаған ортаны қорғау бойынша инженер-экологы Аяулым Оралова.