Әзербайжанның Қазақстан темір жолымен жүк транзитінің көлемі 32% артып отыр

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Әлемді жайлаған пандемияға қарамастан елдер арасында жүк тасымалының көлемі жаман емес. Мысалы, Әзербайжанның Қазақстан темір жолымен жүк транзитінің көлемі 38,66 мың тоннаны құрап, 32% артып отыр.

Былтыр сәуір айында Ақтау-Баку фидерлік желісі ашылғанының арқасында контейнерлік тасымал көлемі 14,7 мың ЖФБ-дан 24,8 мың ЖФБ-ға дейін өскен.

Жақында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Әзербайжан Республикасының Көлік, байланыс және жоғары технологиялар министрі Рамин Намиг оглы Гулузаде телефонмен сөйлескенде екі ел арасындағы жалпы жүк айналымы туралы пікірлесті.

Тараптар көлік тасымалы, жүк транзиті, әуе қатынасы сияқты салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы туралы ақпарат алмасты.

Коронавирус пандемиясының таралуына қарсы енгізілген уақытша шектеу шараларына қарамастан теміржол және автомобиль көлігімен жүк тасымалы көлемі артқан.

Өткен жылы Қазақстан мен Әзербайжан арасында автокөлікпен жүк тасымалдау көлемі 22 мың тоннаны құрады. Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында бүгінгі таңда Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы жолаушылар тасымалына уақытша тыйым салынғанын айту керек.

Бірақ, оның елге оралатын Қазақстан азаматтарына қатысы жоқ. Ал жүк тасымалы штаттық режимде орындалуда. Биылғы 6 айда тасымал көлемін 1 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17% көп.

Сондай-ақ тараптар екі елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға қарай елдер арасындағы әуе қатынасын үстіміздегі жылдың 1 тамызынан қайта бастау туралы мәселені қарастыруға келісті. Қазіргі келісімдерге сәйкес әр тарапқа аптасына 16 жолаушы және жүк рейсін орындауға рұқсат етілген.