Техникалық сабақтар - жаңа форматта

Коронавирус пандемиясына байланысты теміржолшылар қашықтықтан оқыту форматына көшкені белгілі. Ақмола ЖТ бөлімшесінде QR-кодтарын қолдану арқылы қызметкерлерді қашықтықтан оқыту жүйесі енгізілді.

Өз білімін жетілдіру үшін теміржолшылар гаджеттер мен желіге қосылып, QR-кодты сканерлеу арқылы қажетті әдебиет пен нормативтік-техникалық құжаттамаға тәулік бойы қашықтан қол жеткізу мүмкіндігіне ие болып отыр. Ұялы телефон камерасы кодты бірден танып және де ақпаратқа қол жеткізе алады.

Сондай-ақ танымал мессенджерлер арқылы қызметкерлер арасында өзекті және пайдалы ақпарат, яғни нұсқаулықтар, ережелер, бұйрықтар, стандарттар және тағы басқалар жинақталған ақпараттық ресурсқа сілтеме жасалады. Электронды кітапханаға тәулік бойы шығу мүмкіндігі де бар.

Ал желілік деңгейдегі жас басшылар мен инженерлік-техникалық қызметкерлер үшін техникалық сабақтар онлайн режимінде өткізілуде.

«Техникалық оқу қызметкерлердің кәсіби деңгейін қолдау мен жақсартудың ажырамас бөлігі болып табылады. Біз үшін карантиндік шаралар әрекет етіп отырған кезеңде де техникалық оқытуды өткізу сапасын назардан шығармау өте маңызды. Біздің қызметкерлеріміздің жоғары біліктілігі мен кәсіби құзыреттілігі – темір жол көлігінің қауіпсіз және сапалы жұмысының кепілі болмақ, ал оған техникалық сабақтарда еңбектің жаңа әдістері мен тәсілдерін үнемі оқыту және зерттеу арқылы қол жеткізе аламыз», – дейді Ақмола бөлімшесінің бас инженері Сайран Баржаксин.