Ағымдық күтімге кедергі жоқ

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда станциясының солтүстік алқымында Қызылорда жол дистанциясының 2 теліміне қарасты 6 айналымның жолшылары аптап ыстықта ағымдық күтім жұмыстарымен айналысып жатты.

Екінші жолдың шпалдарының рельсасты қиыршық тастарын гидравликалық домкраттың және құрал-саймандардың көмегімен нығыздап, жолды тегістеп жүрген жолшылар ауа-райының қолайсыздығына қарамай, үйреншікті жұмыстарын жасауда. Бірі тастарды нығыздап жатса, екіншісі шпал астындағы қуысты қиыршық таспен толтыруда.

Жолшылардың жұмысын ұйымдастырып басқарып жүрген әрі жауапты 6-разрядты жолшы Нұрсұлтан Смайлов болса, оның жанындағы Сейдахмет Тастыбай, Берік Бейімбетов және Әділбек Махамбетов сынды тәжірибелі жолшылар жол жөндеу жұмысына әбден ысылған, кәнігі мамандар екені қимыл-қозғалыстарынан-ақ байқалады.

– Жол қауіпсіздігін сақтауды арттыру үшін қажет жағдайда ауа-райының қолайсыздығына, тәуліктің мезгіліне қарамай біздің айналымға бекітілген жұмыстарды жасап үлгеруге күш саламыз. Барлық мүмкіндікті пайдаланып, ең бастысы, пойыздарға кедергі келтірмей жол жөндеу жұмысын жүргізуге тырысамыз, ағымдық күтімге еш кедергі жоқ, – дейді атқарып жатқан жұмыстары жайлы Нұрсұлтан Смайлов.

Жолшылардың қимылы ширақ, істері өнімді. Жаздың аптап ыстығы күн көтеріле бере-ақ айналаны оттай күйдіріп барады. Оны елеп жатқан олар жоқ, өйткені, расында да, ағымдық күтімге не кедергі болсын?!