Мал басу фактілері өршіп тұр

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің берген мәліметіне сүйенсек, теміржолдарда жыл басынан бері 55 шұғыл тежеу оқиғасы болған. ПЧ-53 бойынша 40 жағдай, ПЧ-54 бойынша 15 жағдай. Оның ішінде 11 малды пойыз басып кету оқиғасы тіркелген. 

Мәселен, жыл басы қаңтар айында Игілік-Қорғасын өткелінде №2806 пойызы 52 км/с жылдамдықпен келе жатып, жолда жайылып жүрген бұзауды қағып кетіп, шұғыл тежеуге мәжбүр болған. Жануардың иесіне 13 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Ал ақпан айында Сарыағаш-Арыс учаскесіндегі Сарыағаш-Дарбаза өткелінің тақ жолдағы 45 км/с жылдамдықпен келе жатқан локомотив сиырды қағып кеткен. Жолдың айналасында қоршау болған. Наурыз айында Жылға-Дарбаза өткелінің жұп жолында сағатына 50-55 км жылдамдықпен келе жатқан пойыз шұғыл тоқтаған. Мұнда да жолдың бойы қоршаулы болса да теміржолға шығып кеткен сиырды қағып кетті. Бадам-Қалаш өткеліндегі тақ жолда 74-75 км/с жылдамдықпен келе жатқан пойыз да мал басып кетті.

Мұнда да жолдың бойында қоршау болған. Алайда, сол қоршауларға қарамастан малын қараусыз қалдырған Ордабасы ауданының тұрғынына айыппұл салынды. Қызылсай-Манкент өткелінде 65 км жылдамдықпен келе жатқан локомотив жылқыны қағып кеткен. Жолдың бойында қоршау болған. Малдың иесі табылып, айыппұл арқалады.

Меңлібай-Көктерек өткелінің жұп жолында да пойыз жылқыны қағып кетіп, шұғыл тоқтауға мәжбүр болды. Мұнда тақ жолда қоршаулар жоқ, жұп жолда қоршаулар болған. Шанақ-Шеңгелді өткелінде 3283 шақырымда №2026 пойыз сиырды қағып кеткен.

Малдың иесі табылған. Ол Шанақ ауылының мұғалімі екен. Сәуір айында үш мал қағу фактісі тіркеліпті. Біріншісі Арыс-2Қалаш өткелінде ВЛ-80С №2314 электровозы жылқыны қағып кеткен.

Жолдың екі жағында да қоршау болған. Екінші оқиғада Дарбаза-Сарыағаш өткелінде ВЛ-80С №2301 электровозы сиырды қағып кетті. Малдардан қорғайтын арнайы қоршау болған.

Талдықұдық-Шағыр өткелінде де пойыз сиырды қағып кеткен. Жолдың екі шетінде де қоршаулары мен есігі болған. Ал мамыр айында Монтайтас-Шағыр өткелінде тақ жолда сиырды басып кеткен.

Мұнда да қоршау болған. Осыған орай, Шымкент магистральдық желі бөлімшесінде тұрақты жұмыс атқарушылар тобы құрылған. Бөлімше директоры Марат Оңаловтың айтуынша, жыл соңына дейін 28 км малдан қорғайтын қоршаулар жөндеуден өткізілмек. Жол бөлімі мамандары қолданылып отырған шаралар көңілге қонымды нәтиже әкелмей жатқанын айтады.

Тұрғындар теміржолдың мүлкіне немқұрайлы қарауымен қоймай, өз малын да бақыламайды. Белгіленбеген жерден кесіп өтіп, өз өмірлеріне қауіп төндіруде екен.