Ақтөбеде жағдай ушығып тұр

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбеде жағдайдың ушығып кетуіне байланысты Ақтөбе теміржол вокзалында сақтық шаралары күшейді. Мұнда күніге 3500 адам пойыз қатынасын пайдаланып отыр. 

Ақтөбе вокзалының басшысы Тойбазар Қуанышевтың айтуынша, жолаушылар вокзалға дезинфекциялық душ арқылы кіріп, дене қызулары өлшенеді.

Вокзал ішіндегі орындықтарда арақашықтық сақталған. Қазір барлық теміржол қызметіне қойылған талап бойынша, пойызда мейрамхана-вагондар жұмыс істемейді. Жолаушылар вагондар арасында жүрмейді. Оны жолсеріктер қадағалап отыр.

Ақтөбе облысында қазір 628 адамнан COVID-19 белгілері анықталды. Соңғы аптада өңірде пневмонияға шалдыққандар саны да күрт өсті. 16 адам өкпе қабынуынан қаза тапты... Ақтөбе облысының елді мекендерінде де індеттің таралуы өршіп кетті.  

Әсіресе Шалқар ауданындағы жағдай қиын. Шектеу шаралары күшейтіліп, әлеуметтік-стратегиялық нысандарда санитарлық-дезинфекциялық жұмыстар күнара жүргізіледі.

Осыған байланысты санитар мамандар Шалқар теміржол вокзалына да санитарлық талаптардың қатаң сақталуын міндеттеді. Елдімекенде індет жұқтырғандар саны артқан.

«Жолаушыларды вокзалға тек бетпердемен және билетпен ғана кіргізіп жатырмыз. Арақашықтық талап бойынша вокзалда ғана емес, вагон ішінде де сақталған. Дезинфекциялық шаралар жүргіземіз. Санитайзерлер қойылды, жолаушылардың дене қызуы өлшенеді», – дейді Шалқар вокзалының басшысы Қызғалдақ Омарова.

Оның айтуынша, вокзал айналасындағы тәртіп те күшейген. Санитар мамандар мен желілік полицейлер шектеу шараларының сақталуын қатаң бақылауға алған.

Аумақта індет жұқтырғандар саны 20-дан асқанда санитар мамандар Шалқар станциясында жолаушылардың вагоннан шығуына тыйым салған еді. Эпидемиологиялық жағдай тұрақтағаннан кейін жолаушылардың перронға шығуына қайтадан рұқсат етілген болатын.