Ақтоғай мен Жарманың арасында...

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Шығыстағы Аягөз жол дистанциясының теміржолшылары жазғы жол сауықтыру жұмыстарының жоспарланған алғашқы кезеңін аяқтады. Ендігі меже Ақтоғай-Аягөз аралығындағы бірқатар телімдерге күрделі жөндеу жүргізу болып отыр. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың үлесінде ПЧ42 мекемесі бойынша шаруашылық құрылымдарды жаңартып, құрал-аспаптар алу, нысандарды күрделі жөндеуден өткізу сынды бірқатар шаралар тұр.

Жол шаруашылығында елеулі жылдар еңбек өтілі бар тәжірибелі теміржолшы Темірбек Ақшалов жетекшілік ететін дистанция мақсатты жұмыстарды биыл да мерзімінен кешіктірмей аяқтауды жоспарлап отыр.

Солардың ішіндегі негізгі басымдық Ақтоғай-Аягөз-Жарма телімі аралығындағы бірқатар қумажолдар бойынша күрделі жөндеу жүргізу болып отыр.

Қазіргі күндері аталмыш учаскелер бойына арнайы мамандар жіберіліп, жұмыс жасалатын аумақтар анықталып, белгіленді, материалдық тұрғыдан қам жасалып жатыр. Өткен жылы Үшбиік-16 жол айрығы және Еңірекей-Үшбиік станциясы аралығында ауқымды жұмыс атқарылған болатын. Биылғы күрделі жөндеу осы шаралардың жалғасы іспеттес болмақ.

Бұл ретте, аягөздік теміржолшылар алдағы уақытта, яғни, жаз ішінде атқарылуы тиіс жұмыстарға алдағы апталарда кірісуді жоспарлауда. Атап айтсақ, Аягөз жол дистанциясының қарауындағы желі бойының 12,2 шақырымына күрделі жөндеу жүргізіледі.

Биылғы меже бойынша Көшкентал-Жыланды, Жыланды-Темекілі қумажолдары толықтай жаңартылмақ.

Осыдан біраз жыл бұрын қолға алынған ескірген ағаш шпалдарды темір-бетонды шпалдарға ауыстыру ісі осылайша биыл да жалғастық таппақ.

Оның нәтижесінде телім бойынша жолдың балдық сапасы да жақсарып, телімдік жылдамдық жоғарыламақ. Себебі, дәл осы жолмен Алматы-Защита және Алматы-Павлодар бағытындағы Тальго пойызы қатынайды.

Теміржолшылар үшін негізгі міндеттердің бірі аталмыш жүрдек пойыздың сағатына 120 шақырым алатын жылдамдығын осы телім бойынша да жүзеге асыру болып отыр. Ал, қазіргі күні аягөздіктер күрделі жөндеумен қатар қарбалас орын алмауы үшін ағымдық жол жөндеу жұмыстарын ширатты. Соның нәтижесінде, станциялар мен қумажолдардағы 5,7 шақырым жердің ескірген рельстері ауыстырылды. 1,2 шақырым жердің бунақтары жоспарға сай жаңартылыпты.

Ал, күрделі жөндеу үшін қажетті жол машиналары алдағы апталар ішінде келуі керек. Сол тәрізді Аягөз станциясының басында және Ақтоғай-Аягөз, Аягөз-Жарма телімі бойынша да ағымдық жұмыстар нәтижелі жүргізілді.

Әзірге биылғы жаз айларына орташа жөндеу жұмыстары жоспарланып отырған жоқ. Қазіргі күні Аягөздегі ПЧ-42 мекемесіне жаңадан шпалдар жеткізілуде. Ағымдық жөндеу жұмыстары барлық станциялар бойынша іркіліссіз жүргізіліп жатыр.

– Жол сауықтырушы машиналардан тапшылық болмайды деп ойлаймыз. Бірқатар кешенді жол жөндеуші техникалар өзімізде де бар. Жолшылар бригадаларынан тұратын қол күші де жеткілікті. Күрделі жөндеу жұмыстарын алдағы шілде айында бастап кетсек деп отырмыз, – дейді бүгінде жол сауықтыру бойынша үдеріске даярлық шараларын пысықтап жатқан Аягөздегі ПЧ-42 мекемесінің өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Болат Мұстафинов.

Қазіргі күндері Аягөз жол дистанциясына Ақтоғай-Аягөз-Жарма аралығындағы 225 шақырымдық бас жол кіреді. Басты мақсат – осы жолдарды енді санаулы жылдар ішінде толықтай темір-бетонды жолдарға ауыстыру болып отыр.

Осыны міндет тұтқан аягөздік жолшылар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балдық сапасын жақсарту мақсатында бұрынғы жылдармен салыстырғанда біршама қарқынды жұмыс жүргізуге көшкен. Биылғы жылғы жоспарлы шаралар да осы мақсатты жүзеге асыруға бағытталып отыр.

Қорыта айтсақ, аягөздіктер жазғы жол күтімі бойынша белгіленген мерзімнен кешікпей, кешенді жұмыс жүргізіп жатыр.