Өртке қарсы жаттығу өтті

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Жаз – өрт қаупі артатын маусым. Осыған байланысты Достық вагон пайдалану депосында жұма күні өрт қауіпсіздігіне байланысты оқу-жаттығу сабағы өткізілді.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның өндірістік қауіпсіздік бойынша атқарушы директоры А.Құрақбаевтың факсограммасына сәйкес аталған депоның өндірістік қауіпсіздік жөніндегі жетекші маманы Г.Берікболова оқу-жаттығу сабағын өткізді.

Мақсат – күннің қатты ыстығында өндіріс орындарында өрт болған жағдайда әрбір жұмысшының өз міндетін дұрыс орындап, өрттің алдын алу шараларын білуіне ықпал ету. Сабақ бүкіләлемдік індет COVID-19 пандемиясына байланысты барлық сақтық ережелері сақтала отырып өткізілді. Шектеулі адамдар ғана топтасты. Жұмысшыларға өрттің алдын алу шаралары көрсетіліп, қолданылатын заттар таныстырылды.

Соның ішінде өртсөндіргіш құралдарының түрлері мен жұмыс жасау принциптері бейнеролик арқылы көрсетілді. Сабақты қаншалықты түсінгенін тексеру үшін оқу алаңында от жағылып, соны қалай дұрыс сөндіру реті үйретілді. Барлық өрт сөндіру құралдары, өрт сөндіру крандары мен гидранттары алдын ала тексерілген. Жұмысшыларға эвакуация жоспары толық таныстырылды.

– Қазақстан Республикасының әрбір азаматы жұмыста болсын, үйде болсын өрт қауіпсіздігінің шараларын білуі керек. Өрт кезінде тек қана өртті сөндіре білуді ғана емес, сонымен қатар адам өмірін сақтап қалу, алғашқы жәрдем көрсету шараларын да білу қажет, – дейді жетекші маман.