Дезинфекциялаудың екінші кезеңі басталды

Елімізде коронавирус індетінің симптомсыз түрі көбейіп кетті. Бір тәуліктің ішінде 500-600-ден астам адамнан симптомсыз вирус анықталуда. Демек, жағдай мәз емес. Осыған орай халық ең көп шоғырланатын орынның бірі – теміржол вокзалдарындағы жағдай қалай екенін білуге тырыстық.

1 маусымнан бастап карантин шаралары бәсеңдеп, қалааралық қатынастар жандана бастағаны мәлім. 15 мамырдан пойыздарға билет сатылып, Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалындағы кейбір карантиндік шектеулер алынып тасталған.

Алайда, жолаушылар билет сатып аларда немесе күту залында арақашықтықты сақтау үшін арнайы белгілер пайда болды. Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдарында санитарлық қауіпсіздік шаралары қатаң сақталғанын жолаушы ретінде пойызбен жүріп өтіп, өз көзімізбен көріп, бақылау мүмкіндігіне ие болдық. Пойыздағы санитарлық нормалардың барлығы сақталған.

Вокзалға кіреберісте тепловизордың көмегімен жолаушылардың температурасы өлшеніп жатыр. Вокзалға санитайзерлер орнатылған, қызметкерлер маскамен және қолғаппен жұмыс істеуде, әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін арнайы белгілер мен қоршаулар қойылған. Билет сататын кассалар кесте бойынша таңғы сағат 9-дан түнгі 12-ге дейін жұмыс істейді.

Билет алатындар үшін кіретін жеке есік қарастырылған. Әлеуметтік қашықтықты сақтауға байланысты билет алуға төрт адамнан жіберіледі. Вокзал қызметкерлері басшылықтың арнайы бекіткен кестесі бойынша нысан іші мұқият дезинфекцияланатынын жеткізді.

«Сақтықта қорлық жоқ» демекші, қазір қоғамдық орындар мен мекеменің бәрінде санитарлық талаптар қатаң қадағалануда. Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің тапсырмасы бойынша адамдар көп жиналатын орындар мен қоғамдық кеңістіктерді дезинфекциялаудың екінші кезеңі басталды. Оның ішінде теміржол вокзалдары да бар.