Қазақстан - Қытай: жүк ағыны артады

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ – Алматы ЖТ бөлімшесінің директоры Нұрым Жаниязов бастаған қазақстандық және Үрімші темір жолының халықаралық қызмет бастығы Лю Шучен жетекшілік ететін қытайлық делегацияның қатысуымен бейнеконференция форматында селекторлық отырыс өткізілді.

Бейнеконференцияға Қазақстан мен Қытайдың Достық және Алтынкөл, сонымен қатар Алашанькоу мен Қорғас шекаралық станцияларының бастықтары да қатысты.

Тараптар Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының шекаралық темір жолдары бойынша 2020 жылдың 5 айындағы жұмыс қорытындысын шығарды, сонымен қатар жылдың соңына дейін жүк тасымалы көлемін орындау жөніндегі шараларды қарастырды.

Соның ішінде Достық-Алашанькоу және Алтынкөл-Қорғас шекара өткелдері арқылы пойыздарды өткізу қабілетін арттыру бойынша бірлесе атқаратын іс-қимылдарлегі де талқыланды. Қазіргі таңда Қазақстан аумағында Қытай Халық Республикасына импортқа арналған өнімдер бар 9 мыңға жуық вагон жинақталып қалған, сондықтан шекаралық станциялар арқылы пойыздар өткізгіштігін арттыру аса қажетті шара болып отыр.

Биыл бес ай ішінде ҚР мен ҚХР арасындағы тасымал көлемі 8 млн тонна жүкті құрап, оның 2019 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 28%-ға артқаны атап өтілді. Оның ішінде Достық станциясы арқылы 6 млн тонна түрлі жүктер тасымалданған, бұл 2019 жылдың қаңтар-мамыр аралығындағы көрсеткішке қарағанда 24%-ға көп, ал Алтынкөл станциясы арқылы 2 млн тонна жүк өткізіліп, оның өсімі 44%-ды құраған.  

Селектор барысында таяу уақытта Достық станциясынан Алашанькоу станциясына тәулігіне 16-18 пойыздан жөнелту, ал қабылдау жөнінен тәулігіне 12 пойызға дейін қабылдау бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Нұрым Жаниязов атап өткендей, бірлескен шаралар жүк тасымалы көлемін арттыруға ықпал етеді, қазіргі сәтте шекаралық станциялардың бұған техникалық мүмкіндіктері жеткілікті.

Өз кезегінде қытай тарапы Қорғас станциясының өткізгіштік қабілетін арттыру үшін оны дамытуға инвестицияны көбейту жөнінде жоспарлары туралы мәлімдеді.