Талас станциясының тынысы ашыла бастады

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Тараздан күнбатысқа қарай шығып, Алматы бағытындағы жолға түссеңіз, арқырай ағып жатқан Талас өзені көрінеді. Сол өзенді бойлай өтетін теміржолдың бойында Талас станциясы бар. Пандемиялық қауіпті індетке байланысты енгізілген төтенше жағдай, карантин режимдері кезінде қозғалысы кеміп, жұмысы баяулап қалған станцияда соңғы аптада шаруа күрт қыза түскен.

Жергілікті теміржолшылар үшін бұл жақсылықтың нышаны болып отыр. «Мәселен, күні кеше Новороссискіден бері қарай қант шикізаты жөнелтілді деген хабар алдық.

Сонау Кубадан жол тартқан шикізат біздің станция арқылы Тараз қаласындағы үлкен қант зауытына түседі.

Ол жерден жартылай өнім өңделіп, аппақ қантқа айналып, Қазақстанның түкпіртүкпіріне жіберіледі. Көбінесе Алматы, Шымкент, Атырау аймақтарына жөнелтеміз.

Арасында іргедегі Өзбекстан республикасына да кетеді», – дейді Талас станциясының директоры Омар Оразбақов.

Тараз қант зауытының қуаттылығы күніне 700 тоннаға дейін қант өндіруге жетеді екен. Бұл дегеніңіз, әр күн сайын зауыттан шыққан 12-13 вагон қант станция арқылы межелі жеріне жіберіледі деген сөз.

Ал Тараз қант зауытына Кубадан Ресей арқылы ай сайын 400-450 вагон шикізат келеді. «Біздің станциямен негізінен қант тасымалы өтетін болса, екінші Тараз қаласындағы барлық әскери бөлімдердің техникасы жеткізіледі.

Бұл үшін арнайы жолымыз, эстакадаларымыз әзірленген. Қордай жақтағы «Отар», «Мәтібұлақ» полигондарына, Атырау, Қарағанды аймақтарына әскери техникалар үзіліссіз, әсіресе көктем, күз айларында кетіп, келіп жатады. Олардың барлығына тиісінше қауіпсіз де мінсіз қызмет көсретуді біздің теміржолшыларымыз әбден меңгерген», – дейді Омар Ескандерұлы.

Жауапты маманның сөзінше, қант зауытының жанындағы макарон өнімдерінің цехы да теміржол қызметіне жиі жүгінеді. Сонымен қатар станция арқылы ұн, кебек тасымалданады екен. «Төтенше жағдайға байланысты биылғы көктемгі байқауды өз күшімізбен өткіздік. Артынан Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінен жасақталған арнайы комиссия тексеріп келіп, оң баға берді.

Жалпы, теміржол аса сақтықты, жауапкершілікті талап ететін болғандықтан, бізде тексеру шаралары жиі болады. Мәселен, дәл қазіргі таңда коммерциялық тексеріс жүріп жатыр. Олар да жұмысымызды жоғары деңгейде бағалауда», – деп атап өтті О.Оразбақов.

Талас станциясында қазіргі таңда 19 теміржолшы қызмет атқарады екен. Әрқайсысы өз ісінің маманы, тәжірибелі.

Сондықтан болар, соңғы он жылдың көлемінде мұнда ешқандай тосын оқиға, өндірістегі бақытсыз жағдай орын алмаған. «Теміржолшылардың қауіпсіздігі – бірінші орында.

Сол себептен техникалық, еңбек қауіпсіздігі ережелерін барынша сақтауға күш саламыз, бүгінгі таңда пандемия індетіне байланысты сақтық шараларын күшейтіп, маска мен антисептикті көптеп қолданып жатырмыз», – деп түйіндеді сөзін станция басшысы.

Станция ғимаратына осыдан бес жыл бұрын ғана күрделі жөндеу жүргізіліпті. Жуырда өткен көктемгі байқауға орай ақтап-сырлап, косметикалық әрлеуден өткен. Қызметкерлер үшін жұмысқа қолайлы жағдайдың бәрі жасалған.

Тараз қаласынан небәрі 8-10 шақырымдай қашықта орналасқан станция төңірегінде халық тығыз шоғырланған. Сондықтан теміржолшылар үшін әрі-бері ағылып жатқан жергілікті тұрғындармен, қаланың шет жағы болған соң бірлі-жарым мал ұстайтындармен қауіпсіздік тақырыбында жұмыс үздіксіз жүргізіліп, ереже талаптары қатаң сақталуы қадағаланады.

«Ұра берсең, құдай да өледі» демекші, теміржолшылардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі деуге болады, бүгінде жергілікті халық темір жолды тек белгіленген орындардан ғана өтуді әдетке айналдырған. Автокөлік жүргізушілерінің де өткелде тәртіп бұзып, көзге түсуі соңғы жылдары мүлде тіркелмеген десек болғандай.