Аягөздік жалғыз көзі тірі ардагерге құрмет

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Жеңістің 75 жылдық мерекесі аталып өткенімен, бүгінгі ұрпақ үшін арамызда жүрген кешегі қан майданның тірі куәгерлері – соғыс ардагерлерінің даңқы ешқашан аласармақ емес. Оларға деген құрмет жыл бойы да, алдағы уақыттары да өз мәнінде жалғаса беретіні анық.

Жуырда Семей ЖТ бөлімшесінің теміржолшы жастары бүкіл Аягөз аймағы бойынша қалған жалғыз көзі тірі қарт майдангер Қабден Смағұловтың отбасында болып, соғыстың соңғы солдатын мерекесімен құттықтап қайтты.

Семей ЖТ бөлімшесі бойынша қолға алынған «Жеңіс» жобасының үйлестірушісі, жастар ұйымының белсендісі Арайлым Қосанова бастаған жастар Аягөз станциясына арнайы барып ардагерді барша семейлік теміржолшылар атынан құттықтап, арнайы сый-сияпаттарын табыс етті.

Аягөздің төл тумасы, бүгінде 98 жасқа келіп отырған Қабден ақсақал майдан даласына 19 жасында аттаныпты. Қарт жауынгер – 1941 жылдың желтоқсанындағы Мәскеу қаласын қорғау үшін өткен тарихи маңызы аса зор оқиға – қиянкескі Волоколамск тасжолындағы шайқасқа қатысқан қаһарман.

Белоруссия мен Польша жерін фашизм шеңгелінен азат еткен жауынгер. Жеңісті Чехия астанасы Прага қаласында жасырынған гитлершілерді жою кезінде қарсы алыпты. Ұрыс даласында екі рет ауыр жараланғанымен, жігері мұқалмаған жан.

Осылайша соғысқа бастан-аяқ қатысып, өзі туған Аягөз станциясына 1945 жылы қайтып оралып, ұзақ жыл қаладағы мектептерде ұстаздық етіп, жас буынды тәрбиелеу ісіне атсалысқан.

Жауынгерлік жолының қанмен жазылған тарихы жайында майдангер қария жастарға өзі әңгімелеп берді. Қарттың бүгінде қос жанары көрмейді. Әйтсе де, санасы сергек, жүріс-тұрысы тың әрі жақсы естиді екен.

Амандық сұрай келген жастарға өзі орта мектепте білім беріп, тәрбиелеген, бүгінде теміржол саласының тарландарына айналған майталман теміржолшылар жайында да айтып беріп, шәкірттерімен мақтанатынын да жеткізді. Бүгінде тағылымды ұстаздың алдын көрген шәкірттері Аягөз, Ақтоғай, Жарма теміржолындағы барлық салаларда еселі еңбек етіп жүр екен.

– Сұм соғыстың өртін сөндіруге қатысқан майдангерлер арамызда аз қалды. Ұлттық компания тарапынан ұйымдастырылған «Жеңіс» жобасы аясында олардың әңгімесін тыңдап, күні кеше бастан өткерген аңызға бергісіз әңгімелеріне қанығудамыз. Қарияларымыздың батасын алғанымыздың өзі неге тұрады, – дейді жобаның үйлестірушісі Арайлым Маратқызы.