Қызылорда ЖТ бөлімшесіне қарасты Сексеуіл станциясы бастығының шұғыл істер жөніндегі орынбасары Махамбет Кенжеқараев – аймақтағы жауапты қызмет тізгінін ертерек ұстаған жас басшылардың бірі. Онымен жастардың салалық жұмыстағы рөлі, станцияның қарбалас тіршілігі, қазіргі карантин уақытында жұмыстың ұйымдастырылу барысы жайлы шағын сұхбатымызды ұсынамыз.
Бөлімшенің солтүстік нүктесіндегі жұмысы ауқымды әрі өндірістік тәсілі бірнеше бағытта шоғырланған станцияның биылғы жылға жоспарланған көрсеткіштері қалай орындалуда?
Станция тынысын айқындайтын негізгі көрсеткіштер осы болғасын әңгімені де осы бағытта бастадық. Жас болса да салмақты да сабырлы, ел аузында өз ісінің мықты маманы болып қалыптасып үлгерген жас басшы сауалымызға жан-жақты жауап берді.
– Сексеуіл – 1-класты учаскелік станция. Негізгі жұмыс пойыздарды тарқату-құрастырумен байланысты, станцияда үш бағыттан келген құрама пойыздарды тарқатып, тәулігіне 1516 пойызға дейін құрастырылады. Құрастыру жоспарына сәйкес Қандыағаш, Бейнеу станциялары бағытына өтпелі пойыздар (сквозной) және Шалқар, Қызылорда, Жезқазған станциялары бағытына учаскелік және құрама пойыздарын құрастырады. 2020 жылдың алғашқы тоқсанында және жыл басынан бергі межеленген көрсеткіштер түгел орындалып, 2019 жылдың бірінші тоқсанымен және онан кейінгі айлармен салыстырғанда тәп-тәуір ілгерілеу байқалды. 2019 жылдың алғашқы тоқсанында қабылданған жалпы пойыздардың саны 2259 пойыз болған. Бұл санды вагонға шаққанда – 115909 вагонды құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 315 пойызға өсіп, 2574 пойызды немесе 1278 вагонға артып, 117157 вагонды құрап отыр.
– Демек, еңбек өнімділігі артты деген сөз.
– Иә, және пойыздардың бос тұру көрсеткіші жоспарланған уақыттан артық орындалып отыр. Атап айтар болсақ, 2020 жылдың алғашқы тоқсанында бір жүк операциясына кеткен орташа уақыт жоспар бойынша 0,7 сағат болса, бұл көрсеткіш 6,77 сағатқа орындалды, өңделмеген пойыздардың тұру уақыты 1,5 сағат жоспары 1,48 сағатты құрады және өңделген пойыздардың тұру уақыты 7 сағат жоспары 5,19 сағатты құрап, меже асыра орындалды.
Бұл жоғары деңгейдегі көрсеткіштердің бәрі – сексеуілдіктердің ортақ жетістігі, атап айтқанда, Ж.Займолдаев, Қ.Құдайбергенов, А.Есмамбетов, Ж.Тлепбергенова сынды станция кезекшісі, пойыз құрастырушы, т.т. қызметкерлердің үздік жұмыстарының нәтижесі деуге болады.
– Биылғы наурыз айында басталған індет дүрбелеңі теміржол саласына да ауыр тигені анық. Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде станция жұмысы қалай ұйымдастырылуда?
– Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде станция жұмысы тоқтаған жоқ. Себебі, жылдың қай мезгілінде де, қай тәулігінде де тынымсыз тасымалмен айналысатын темір жол саласының жұмыс қарқыны тікелей станцияларға байланысты.
COVID-19 пандемиясының белең алып, карантиннің күшейтілуіне орай станция жұмысында қауіпсіздік шаралары нығайтылып, жұмысшылардың ауысым алды пысықтау инструктаждарына басымдық беріліп, өткізілетін техникалық сабақтар онлайн режиміне көшірілді.
Жұмыс орындарында теміржолшылар компания тарапынан арнайы қауіпсіздік бетпердесімен, қолғаппен және антисептикалық заттармен қамтылған. Жалпы ел көлемінде жарияланған төтенше жағдайдың темір жол көлігіндегі жүк тасымалына кері әсері жүк айналымы көрсеткіштерінің өткен жылмен салыстырғанда кейбір тұстарында сәл-сәл төмендеу дәрежеде болуынан аңғарылады, дегенмен жолаушы қатынасы тоқтағанмен, жүк тасымалы жүріп жатқаны дәтке қуат.
– Теміржолшы – қиын да жауапты әрі көтерер жүгі салмақты кәсіп. Соған қарамастан орда бұзар отызда жауапты қызметке тағайындалуыңыздың сыры неде?
– Мен осы станцияға алғаш 2013 жылы жоғары оқу орнын тәмәмдағаннан кейін пойыз құрастырушы болып орналастым.
Екі жыл пойыз құрастырушы болып жұмыс жасап, Сексеуіл-Жезқазған теміржолының құрылысы қарсаңындағы қызу тірлікке араластым. 2015 жылы осы станцияның маневр диспетчері қызметіне ауыстым.
Соңғы бір жылдан асты, Сексеул станциясы бастығының шұғыл істер жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келемін.
Мұндай жауапты жұмысты атқаруға жеткілікті тәжірибе жинадым деп айта аламын. Жас болсын, жасамыс болсын, теміржолшы өз саласы бойынша тәжірибесі болуы – бірінші қажеттілік. Біздің қозғалыс саласында ол ең төменгі жұмыстан басталып, сатылай өсесің.
Бұл тұрғыда мен пойыз құрастырушыдан бастап станция кезекшісі, диспетчер сынды сатылардан өттім.
Сонымен қатар, жалпы ҚТЖ-ның жастар саясаты осы кәсіпті меңгеріп, нағыз теміржолшы боламын деген жасқа қашан да қолдау білдіреді.
– Бәрекелді, қызметің жемісті болсын!