Қазақ-қырғыз шекарасында

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі үшін қырғыздың теміржолымен шектесетін Луговой станциясының маңызы зор. Шекаралық түйісу бекеті болғандықтан мұндағы жұмыс тәсілінің өзге станциялардан ерекшелігі де бар.

Бұл, әрине, жүк құрамдарын алмасу мен тексеру, құжаттарын реттеуге байланысты. Карантиндік шектеулерге байланысты екі ел арасында бүгінгі таңда жүк тасымалының көлемі азайғанмен, әрі-бері өтіп жатқан құрамдар баршылық.

Теміржолшылардың жұмысы да баяғыша, ауысыммен қызмет ететіндердің де жұмыс кестесінде өзгеріс орын алмапты. Алайда, қашықтан жұмыс істеуге көшірілгендер бар.

«Жалпы бізде тоқсанға тарта штат бар. Төтенше жағдай кезінде жұмысшылардың санын мейлінше азайтуға тырыстық. Үйлерінде отырып жұмыс істеу мүмкіндігі барларды босаттық. Бұдан еңбек өнімділігінде ешқандай кемшілік аңғарылған жоқ», – дейді станция бастығы Тимур Қисанов.

Станция басшысының айтуынша, бұл мекемеге бір айда жеткізілетін жүктің көлемі 1700 тоннаны шамалайтын болса, жөнелтілетіні 1800 тоннаның айналасын құрайды екен. Осынша жүкті 60-70 вагонды 190 пойыз тасымалдайды.

Жүктердің дені, нақтырақ айтқанда, 6500 тоннаға жуығы көршілес Қырғызстанға кетіп, сол жақтан осынша көлемдегі жүк келеді.

«Қазіргі уақытта негізінен дәнді дақылдар, көгілдір отын, жанар-жағармай өнімдері тасымалданып жатыр. Олардың дені Қырғызстан мен Өзбекстанға, сонымен қатар, еліміздің солтүстік, орталық аймақтарына жөнелтілуде. Бұл жұмыстар жазғы маусымда тіпті қыза түседі», – дейді станция бастығы.

Тимур Қисановтың жолаушылар пойызы карантин режіміне байланысты жүрісін тоқтатқанымен, 1-маусымнан бастап қайта жанданады деп күтіп отырғандарын, соған орай вокзал дайындалып, перрондар да тазартылып жатқанын жеткізді.

«Қазіргі таңда станция вокзалына тепловизор әкелдік. Бұл құрылғы жолаушылардың денсаулығын тексеріп, перронға өткізеді. Антисептик, қорғаныш маскасы сынды медициналық бұйымдарды да молынан жеткізуге күш салудамыз», – деді.

Негізгі магистраль бойында, яғни тоғыз жолдың торабында тұрған Луговой арқылы Алматы-Ташкент, Алматы-Саратов, Алматы-Шымкент, Бішкек-Мәскеу, Семей-Қызылорда, Алматы-Ақтөбе, Алматы-Атырау, Көкшетау-Қызылорда, Петропавл-Қызылорда, Астана-Сарыағаш, Бішкек-Қазан, Қазан-Ташкент, АлматыМаңғыстау, Орал-Алматы сынды бағыттарындағы жолаушылар пойыздары өтеді екен.

Әрі-бері өтіп жатқан жолаушылар пойызын, оның жолаушыларын вокзал алаңында Тұрар Рысқұловтың ескерткіш-мүсіні қарсы алып, шығарып салып тұр.