Бірінші кезеңде 37 пойыз іске қосылады

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Нұр-Сұлтан-1 теміржол вокзалында «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылары БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізіп, жолаушы вагондары мен пойыз бригадаларының жұмыстарына қатысты ақпарат берді.

Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешімі мен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі келісімі бойынша 1 маусымнан бастап ел аумағы бойынша теміржол қатынасы кезең-кезеңмен қалпына келтірілетін болғаны белгілі.

Бірінші кезеңде 37 пойыздың қозғалысы іске қосылатын болса, соның 12-сі Нұр-Сұлтан қаласынан жөнелтіледі екен. Осыған байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушылардың қауіпсіздігі бойынша қажетті шаралар қабылдап, өзінің барлық құрамын жазғы маусымға әзірлеп қойыпты.

«Ауа ылғалдылығы мен температурасының оптималды жағдайын қамтамасыз ету үшін желдету және ауа баптау жүйелеріне ревизия жүргізілді. Вагондарда 10 минуттан тәулігіне 3 рет ауаны тазарту ұсынылады. Жол жүру барысында зарарсыздандыру құралдарын қолданып, тәулігіне 2 рет, әжетханаларда – тәулігіне 4 рет ылғалды тазарту жүргізіледі. Әр рейстен кейін вагондарда Санитарлық ережелер талаптарына сәйкес зарарсыздандыру жұмыстары орындалады. Ескере кететін жайт, вагон-мейрамханалар жұмыс істемейді. Сондықтан жолаушы өзімен бірге жолда жейтін тамағын алып шыққан жөн. Және де бір вагоннан екінші вагонға өтуге рұқсат етілмейді. Сонымен қатар жолаушылар сусын, жеке қорғаныш заттарды, яғни маска, резеңке қолғап, антисептиктерді жеткілікті мөлшерде алып шығулары керек. Масканы әр 2-3 сағат сайын ауыстырып отыру қажет. Ал Қоғам қызметкерлеріне келсек, оларға коронавирус пандемиясы жағдайында жұмыс істеу регламенті мен нұсқамалық әзірленіп, қауіпсіздік шараларын ұстану жөніндегі нұсқаулықтар мен түсіндіру жұмыстары үнемі өткізіліп келеді. Барлық қызметкерлер жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілген», – деп атап өтті «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі Мәди Мұхамедқали.

Бұдан кейін жолаушылардың вокзалға кіріп/шығу және пойызды күту тәртібі туралы Нұр-Сұлтан-1 теміржол вокзалының бастығы Ғалым Әбдіханов қысқаша мәлімдеме жасады.

Ол 2020 жылдың 1 маусымынан бастап жол жүру құжаттары бар жолаушылар ғана, онда да қорғаныш құралдары болғанда ғана вокзал ғимаратына кірулеріне рұқсат берілетінін, ал шығарып салушылар вокзалға жіберілмейтінін мәлімдеді.

Вокзал бастығы егде қарт кісілерге, мүгедек жандарға, жүкті әйелдерге тегін қызмет көрсетіліп, олардың қол жүктерін пойызға дейін жеткізіп беріп, шығарып салатынын жеткізді.

Ғимаратқа кірер алдында міндетті түрде жолаушыларға қашықтан термометрия жүргізілмек.

Жолаушылар вокзалдарда талап сақтап, 1-1,5 метрлік қашықтықтан, орындықтарда отырулары тиіс, яғни, бір жерде шоғырланып тұрмаулары керек.

Сонымен қатар вокзалдарда «карантиндік бұрыштар» – COVID-19ке күдікті тұлғалар үшін оқшаулау аймағы ұйымдастырылған.

Бұл жерлер ескертпе ленталар мен белгілермен қоршалған, онда санитарлық-эпидемиологиялық қадағалаудың аумақтық қызметтері немесе медициналық қызметкерлер келгенге дейін отыратын орындар да қарастырылған.