Бейнет түбі - зейнет

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Теміржолшы Ахметбек Дүйсенбаев қырық екі жыл бір жерде, бір қызметте еңбек етіп, зейнет жасына жетіпті. Жамбыл Жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты Сарышаған станциясының ұжымы зейнет жасына жеткен пойыз құрастырушы Ахметқали Дүйсенбаевты құрметті демалысқа салтанатты жағдайда шығарып салды.

Ахметбек Сламқұлұлы осы Сарышағанда 1957 жылы 6 мамырда дүниеге келген екен. 1978 жылы осы станцияда пойыз құрастырушы болып еңбек жолын бастаған.

Яғни, қырық екі жыл бойы тапжылмай тек осы кәсіпте еңбек еткен. Еңбек кітапшасына бір ғана жұмыс орны жазылған.

«Осы салада неше жыл еңбек етсем де, ісіме жауапкершілікпен қарадым. Талай қауіп-қатермен бетпе-бет келдім. Ізбасарларыма білгенімді үйретуден жалыққан емеспін. Әлі де көмек қажет болса ешкімнің бетін қайтармайтыным анық. Өйткені, менің өмірім тек теміржолмен тығыз байланысты болған соң тәжірибем де жеткілікті. Осы жерде туып-өстім, осы жолдың бойында қырық жыл өмірім өтті. Енді, міне осы жолдың бойына қырық жылдан аса ғұмырымды арнап, зейнет демалысына кетіп барамын, демек сонша жылғы бейнеттің зейнетін де көру керек шығар», – деп ағынан жарылды А.Дүйсенбаев.

Ал Сарышаған станциясының басшысы Руслан Таңатаров Ахметқалидың жұмысынан осынша уақытта бірдебір мін табылмағанын айтады. Тіпті, ешқандай төтенше оқиғаға себепкер болмаған.

«Жұмысына тиянақты, ісіне байыпты, ұқыпты болды. Тапсырманы екі етпеген. Қай іске де жауапкер шілікпен қарады. Қаншама жастарды тәрбиеледі, тәжірибесімен бөлісті. Пойыз құрастырушы деген қозғалыспен тікелей байланысты өте ауыр жұмыс. Травматикалық жұмыс. Өйткені, вагондарға жармасып, оларды бір-біріне қосып-ажырату оңай емес. Қыстың суығында тоңып, жаздың ыстығына күйіп жүріп қызмет атқарады. Біздің Арқаның қысы көпке белгілі, қытымыр аяз, жазы – шіліңгір ыстық. Осындай жұмыста Ахметқали секілді табаны күректей қырық екі жыл еңбек ету деген – ерлік», – деді Руслан Таңатарұлы.

Ал мұндағы пойыз құрастырушылар тек Сарышағанда ғана емес, он шақырым қашықтықтағы Көктас станциясында да жұмыс істейді екен.

Бір тепловоз бен бір пойыз құрастырушы екі аралықта жүруі тиіс. Демек, екі станцияға да қызмет етеді. Сарышағандағы шаруасын тындырып Көктасқа барады, Көктастағы жұмысын бітіріп, Сарышағанға келеді.

Бұл жолдан Ахметқали да сан мәрте өткен. Айта кетерлігі, қырық екі жыл бойы бір орнында тапжылмай еңбек еткен азаматтың жары Гүлнар Дүйсенбаева да осы станцияда көп жылдар қызмет етіп, бес жыл бұрын ғана зейнетке шыққан екен.