Атыраудан әзір пойыз жүрмейді

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Қазақстанның барлық өңірлерінде 1 маусымнан бастап еларалық пойыздар қатынасына рұқсат беріліп, билеттер 15 мамырдан сатыла бастады. Алайда, Атыраудан әзірге пойыз жүрмейді.

Бұл ел бойынша пойыздың жүруіне рұқсат берілмеген жалғыз аймақ. Оның өзіндік себебі де бар.

Өңірде, әсіресе Теңіз кенішінде соңғы уақытта короновирус індетіне шалдыққандар саны көбейіп кетті. 23 мамырдағы есептеуге сәйкес олардың саны 857 адамды құрап отыр.

Соған байланысты Атырау облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №44 Қаулысымен Атырауда карантин шаралары 8 маусымға дейін ұзартылды, ол Мақат және Жылыой аудандарында да жалғасып отыр.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ Батыс филиалы, Атырау телімінің басшысы Әлмұқан Есқалиевтің айтуынша, пойыздар Атыраудан 14 маусымнан жүру болжамы бар, бірақ ол жөнінде басшылық тарапынан әзірге ешқандай арнайы нұсқау келмеген.

Сондықтан одан әрі де созылуы мүмкін. Өңірден халықаралық пойыздар да жүріп жатқан жоқ, өйткені шекара жабық. Ал, ішкі қатынасқа келсек, Маңғыстаудан Астана, Алматы, Ақтөбе бағытына шығатын пойыздардың барлығы Атырау аумағынан Құлсары, Мақат, Сағыз станциялары арқылы өтеді.

Алдын ала билет алған атыраулық жолаушыларға 1 маусымнан бастап ол пойыздарға аталған станциялардан мінуіне болады.

Ал Атырау телімі қазіргі уақытта Теңіз кенішінің жұмысшыларын тұрғылықты жерлеріне тасымалдауды жалғастырып отыр.