Жазғы жолаушы тасымалына дайындық

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Төтенше жағдайдан кейін теміржол көлігімен жолаушылар тасымалы қайта жолға қойылмақ. Осыған байланысты жер жерде вокзалдар мен жолаушы вагон деполарында қызу дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сондай жұмыстар «Вагонсервис» АҚ Маңғыстау телімінде де жүруде. Мекеме бастығы Нұржан Жұбанысовтың мәліметінше, олар сәуір айының бірінші күнінен жазғы тасымалға дайындық жұмыстарына кіріскен.

Жоспар бойынша 1 cәуірден мамыр айының соңына дейін жазғы дайындыққа барлығы 78 вагон ТО-2 жөндеу түрінен өтуі керек. Оның ішінде 71 вагон «Жолаушылар тасымалы» АҚ Батыс аймақтық филиалына қарасты болса, 6 вагон «Сарыарқа» ЖШС-не, тағы 1 вагон қалааралық тасымалына тиесілі.

Мамырдың 17-не дейін Батыс филиалы паркінің 62 вагонына барлық қажетті жөндеу, маусымдық ауыстыру, жаңарту жұмыстары жасалып, жазғы тасымалға толық дайын болған.

Тағы екі вагонға ТО-2 жұмыстары жасалуда. Ал «Сарыарқа» мен қалааралық тасымалының вагондары әлі кезек күтіп тұр екен. Сондай ақ, вагондарды жаз маусымына әзірлеу барысында ТО-3 жөндеу түрін де сәуірмамыр айларында жалпы 34 вагонға жасау межеленген.

Өткен айда Жолаушылар тасымалының 6 вагоны жөнделіп, осы айда тағы 17 вагонға сол ТО-3 бойынша қажетті қызметтер көрсетіліп, қазір олар да жолға шығуға толық дайын болған.

Мұндай қызмет сондай-ақ, «Сарыарқа» ЖШС-нің жоспарлаған екі вагонынан біреуіне және қалааралық тасымалға арналған 2 вагонға жасалған.

Вагондарды жазғы жұмыс тәртібіне ауыстырып, бүлінген, бұзылған жерлерін ретке келтіру, жалпы жазғы маусымға дайындау жұмыстарына барлығы 48 адам жұмылдырылған. Соның ішінде ТО-2 жұмыстарымен 38 адам айналысуда. Ал ТО-3 жөндеу жұмыстарын атқаруға мекеменің 10 жұмысшысы тартылған.

− Бүгінде жолаушылар вагондарының дені жазғы тасымалға дайын деуге болады. Соңғы бірнеше вагонның аздаған жұмыстары қалды. Жолға шығуға рұқсат деген күннен аттанып кетуге дайын тұр. Бастан аяқ тексеріліп, қандай қызмет көрсету керек болса барлығы жасалды. Іші сырты жуып тазартылып, дезинфекциядан өтіп, астындағы жүріс бөлшектері түгел тексеріліп, тоқ жүйесі, желдету, салқындату құрылғылары қайта қаралып, ауыстыратын бөлшектері ауыстырылып, жаңартылды. Вагон ішінің сырылып, жыртылған, бүлінген жерлері қалыпқа келтірілді. Сырланатын жерлері сырланып, жабық терезелер ашылып, жуылып, барлық қажетті жұмыстар атқарылды,- дейді «Вагонсервис» АҚ Маңғыстау телімінің бастығы.

Сонымен қатар, телім бастығының айтуынша олар бүгінде әскерге шақырылушыларды алып кетуге арналған вагондарды да дайындауда екен.

Бұл вагондар 18 мамырдан бастап жолға шығады деп күтілуде. «Алдымен бір құрам Маңғыстау-Өскемен бағытында Алматы арқылы кетеді, екінші құрам Маңғыстау-Өскемен, әрі қарай бірнеше вагон Қарағандыға барып келеді. 20 мамырда тағы біраз вагон Маңғыстаудан Алматыға бағыт алады.

Оларға жолдан тағы да вагондар жалғанады. Біз қазір осы вагондардың көрсетілген мерзімде кедергісіз жол жүруі үшін барлық қажетті жұмыстарын жүргізудеміз», дейді телім бастығы.