Депо кезекшісі - ең жауапты маманның бірі

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Локомотив депосында ең жауапты маманның бірі – депо кезекшісі десек қателеспейміз. Бүкіл қозғалыс, тасымал локомотив бригадалары арқылы жүзеге асыралса, сол машинистердің жұмысын жоспарлап, белгілі бір кестемен басқарып отыратын - осы депо кезекшісі.

Шымкент локомотив пайдалану депосының кезекшісі Уалихан Жұмағұлов еңбек жолын слесардан бастап, машинист көмекшісі, машинист, нұсқаушы, депо кезешісі, аға шебер сияқты сатылардың бәрінен өткен тәжірибелі локомотивші.

Шымкент локомотив депосында алдымен жөндеу цехында шебер, кейіннен эксплуатацияға ауысып, депо кезекшісі, 2004 жылға дейін машинист нұсқаушысы болады.

«Локомотив» АҚ кезінде жедел жұмыстар жөніндегі бөлім басшысы болып он жыл жұмыс істеген соң, депо кезекшілігіне ауысты. – Биыл бесінші жыл - депо кезекшісімін.

Локомотивтер мен бригаданы жасақтаймыз, нарядчигім екеуміз бригаданы жұмысқа шақырамыз, локомотивтерді уақытылы техникалық байқаудан өткізіп және жөндеу жұмыстарына ағытып тұрамыз.

Жалпы, локомотив бригадасы 16 сағат демалу керек.

Демалысы біткен бригаданы алдыртып, жұмысқа шығар алдын инструкция өткізіп, пысықтаймыз. Оларға пойыз тұрып қалған жағдайда не істеу керек, қауіпсіздік жөнінде қандай материалдар бар, солардың бәрімен таныстырамыз.

Техникалық байқаумен қатар машинистерді медициналық сараптамадан өткізіп, содан кейін ғана қолына құжат беріп, локомотив жүргізуге рұқсат береміз.

Медицина қызметкері машинистің қан өлшемін, басқа да денсаулығын тексеріп, жұмысқа жіберуге болады деген ұйғарым берген соң ғана жұмысқа жіберіледі, – дейді депо кезекшісі Уалихан Дәулетұлы. Шымкент локомотив пайдалану депосында бүгінгі таңда 128 машинист, 106 машинист көмекшісі, 25 инженер-мамандар, барлығы 259 адам жұмыс істейді.

Депо Арыс локомотив депосына бекітілген. Өндірісте пайдаланымда 17 тепловоз, 5 электровоз бар. Отандық өндірістен шыққан ТЭ33А-Эволюшн тепловозын ҚазығұртЛенгір телімінде пайдаланады.

Депо кезекшісінің айтуынша, локомотив бригадалары ең алдымен қауіпсіздікті сақтап, тасымалдағы жүктерді аман-есен діттеген жеріне жеткізуге жауапты.

Бұдан басқа, кестенің сызбасы сақталуы керек. Мысалы, пойыздар телімдерде жүретін жылдамдықты сақтап отыруы тиіс. Кейбір пикетте 80, 60 болып келеді яғни әр телімнің өзінің қойылған жылдамдықтары әрі соған бай ланысты көрсеткіштері бар.

– Шымкенттен шыққан бригада Жамбылға дейін 8 сағат жұмыста болады, 4 сағат демалады, яғни бір телімде 12 сағат жұмыс істейді. Көне локомотивтер көбіне Шуға дейін, кейбіреуі Алматыға дейін барады. Қазақстандық кейбір электровоздар Шымкенттен шыққан күйі ағытылмай астанаға дейін барады, тек жолда машинистер бригадасы ауысып тұрады. Кейбір Тальго пойыздарының да локомотивтері Шуға, Алматыға жеткенше ауыстырылмайды. Шымкентке қатынайтын №11, №12 пойыз, №25, №26 пойыз, №710, №711 пойыз - алты тальго жүрдек пойызы бар. Алматыдан Ташкентке қатынайтын №1, №2 халықаралық Тальго пойызына да қызмет көрсетеміз,- деген депо кезекшісі соңғы кезде басты проблемаға айналған шұғыл тежеудің теміржолға орасан шығын келтіретінін де сөз етті.

Айтуынша, ол ең алдымен техникалық жылдамдыққа зиян. Жолға адам, мал шығып қалса машинист шұғыл тежеуді іске қосады. Бес мың, бес жарым мың ауыр салмақпен келе жатқан пойыз оңайшылықпен тоқтай алмайды. Мұның бәрі жұмыс көрсеткішін кемітеді. Жалпы, шойын жолда адам өліміне машинист кінәлі болмайтыны жасырын емес.

«Бірақ, сол локомотив бригадасының психологиялық ахуалы қалай өзгеретіні, жүрекке батпан салмақ түсетіні – барлық жазадан ауыр. Сондықтан психологиялық шок алған машинист мұндай жағдайда бір-екі ай реабилитацияға кетеді. Оларды өз-өзіне келгенше жеңіл жұмысқа қоямыз», - дейді депо кезекшісі.

Теміржол саласында 43 жыл еңбек өтілі бар Уалихан Дәулетұлын толғандыратын тағы бір мәселе – салада жас машинист мамандар тапшы. Мораторий жарияланғандықтан сырттан мамандар алмайды, ал бұрынғы мамандар қартайып барады.

«Теміржолда мамандар ғана емес, техника да қартайды, жаңа вагондар, локомотивтер керек, жол да қанша жамап-жасқағанмен ескірген. Мынау көршілес Өзбекстанның өзінде 160, 180, 200 км жылдамдықпен жүретін пойыздар бар. Ал бізде 60, 70 ары кетсе 80 км жылдамдықтан аса алмай келеміз. Біз де сол жылдамдыққа жетуге ұмтылуымыз керек», – дейді кейіпкеріміз.