Машинистердің қайырлы ісі

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Қасиетті Рамазан айында Сексеуіл локомотив депосының машинистер бригадалары сол өңірдегі 25 аз қамтылған отбасыға қайырымдылық көмек көрсетті.

Қайырымдылық – халқымыздың ізгі қасиеттерінің бірі. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасаған.

Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастаған. «2020 игі істер» бастамасы бойынша Сексеуіл локомотив пайдалану депосының машинистері және олардың көмекшілері депо басшылығының ықпалынсыз өздері қайырымдылық қор ашып, жағдайы төмен отбасыларға көмектесуге шешім қабылдапты.

Сексеуіл кентінің әкімшілігі және Тілеуқұл Ишан мешітінен кенттегі тұрмысы төмен жанұялардың тізімін алған. Олар жиналған ақшаға ірі қара түйе сатып алып, сойып, етін 25 үйге үйге бөлген және азық-түлік алып, мұқтаж жандарға өздері таратып берген.

– Қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болудың қажеті шамалы, ең бастысы жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті. Машинист ағаларымыз бастама көтергесін сауапты ісімізді ойдағыдай атқарып, халықтың батасын алдық. Біздің локомотив депосының ұжымы қашан да ауызбіршілігі мықты, ұйымшылдығы зор мекеме. Әсіресе, осындай сауабы мол қасиетті айда біз де шарапатты істерден қалыс қалмай, елмен бірге екенімізді танытқымыз келді, - дейді машинист көмекшісі Рамиль Жұматаев.

Бүгінгі таңда депоның локомотив бригадаларында 300-ге жуық машинистер мен олардың көмекшісі қызмет етеді. Олар негізінен төрт бағыт бойынша тепловоз жүргізіп, станциялар арасына қатынайды.

Атап айтқанда, Сексеуіл –Қазалы арасындағы 180 км телімде жүк пойыздарын, Сексеуіл –Қоскөл аралығында жолаушылар және жүк пойыздарын, Сексеуіл –Шалқар аралығында жолаушылар, сонымен қатар Сексеуіл-Қандыағаш бағытында Тальго пойыздарын тасымалдайды.