Атырауда төрт айдағы табыс тұрақты

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Атырау жүк тасымалы бөлімшесі бойынша биылғы жылдың төрт айында тасымал тасқыны жоғары болды. Оған себеп экономиканың негізгі бөлігін құрайтын өңірдегі мұнай өнімдерін өндіру, оны тасымалдау көлемінің әлемді шарпыған коронавирусқа қарамастан қалыпты деңгейде болуы әсер етуде.

Әйтсе де, әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеп кетуі тасымал тасқынына мүлдем ықпал етпеді деу қиын. Жалпы, осы кезеңде қара мұнай өнімдеріне деген сұраныс бұрынғыға қарағанда кеміген.

Оның үстіне Атырау мұнай өңдеу зауытында 16 наурыз бен 7 сәуір аралығында мұнайды бастапқы өңдеу қондырғысының біреуі жоспарлы жөндеуге тұрған және төлемге қабілетсіз сатып алушылар тарапынан мазут, кокс, автобензинге сұраныс төмендеген.

Осылардың салдарынан бөлімшенің техникалық жоспары бойынша жүк тиеу көлемі 1228 вагон/72452 тоннаға кеміп, жоспар 98,6 процентті құрады. Дегенмен, директорлар кеңесі жоспары бойынша бұл көрсеткіш 102,3 процентті құрап отыр.

Яғни, жалпы тасымал көлемі тұрақты. Өткен төрт айда техникалық жоспарға сай негізгі 13 көрсеткіш 100 пайыздан аса орындалған. Яғни, пайдаланым жүк айналымы 3176,9 млн.ткмнетто болып, 101,5 %-ды құрады.

Жүк тиеу көлемі 3579,4 мың тонна болып, орындалуы 98,6 пайызды көрсетті. Пайдаланым жүк айналымымен қоса, жұмыс вагонының айналымы 101,5, жергілікті вагон айналымы 104,8, ал жүк вагонының өнімділігі 101,8%, тиелген вагонның динамикалық салмағы 101,3, вагонның орташа тәуліктік жүрісі 102,1%, вагонның статистикалық салмағы 101,8%, жүк пойызының орташа салмағы 4019 тоннабрутто, яғни 101,4 пайыз болып, аймақта жүк тасымалы көлемінің төрт айда жоғарылағанын көрсетті. Локомотив жүрісі 102,8% т.б.

Аталған он үш көрсеткішке қарап, өңірде тасымал тасқыны ойдағыдай жүріп жатқанын байқауға болады. Ал енді директорлар кеңесі жоспары бойынша қарасақ, Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің техникалық бөлім бастығы Темірхан Аманқұловтың айтып өткеніндей, бөлімше бойынша негізгі 16 көрсеткіштің барлығы да орындалған. Пайдаланым жүк айналымы 3176,9 млн.т-кмнетто болып, 102,2 %-ды құрады.

Жүк тиеу көлемі 3579,4 мың тонна болып, орындалуы 102,3 пайыз болды, жүк вагондарының айналымы 101,6%, пойыздың орташа салмағы 100,4%, пойыздар қозғалысының учаскелік жылдамдығы 101,1%, сол секілді негізгі басқа көрсеткіштер де жоғары.

Қазіргідей елдегі төтенше жағдайға, әлемдік нарықтағы доллар, мұнайдағы баға өзгерістеріне қарамастан тасымал тасқынының төмендемеуін жақсы нышанға балауға болады.

Техникалық жоспарға сай жүк тиеу көлемінің кемуіне әсер еткен жағдайлардың бірі – жүк жөнелтуші «Теңізшевройл» ЖШС тарапынан Құлсары станциясы бойынша 1367 вагон/ 45111 тонна пропан-бутан сұйытылған газды сатып алушының төлемқабілетсіздігінен жөнелтуден бас тартуы болды.

Украинаға 707 вагон/ 23331 тонна пропан-бутан жөнелту де келісілмегені жүк тиеу көлемінің азаюына әсер етті. Оған қоса нарықта металлсынықтарының бағасы да түсіп кетті, сол себепті сатып алушылар 160 вагон/9600 тонна жүкті қабылдаудан бас тартқан.

Құлсары және Ақжайық станцияларынан жүк жөнелтуші «Казметлом», «Западная металломная компания», «Азия Металл Скраб», «Темир Сбыт», «КазВторКонтракт» ЖШС металлсынықтары жөнелтілмей қалған. Бұдан әрбір кіріс пен шығысты екшеп отыратын нарық заманында әлемдік экономиканың құбылуы отандық темір жол саласына айтарлықтай болмаса да әсер етіп отырғандығын көреміз.