Табиғи апаттар зардабын бірге жеңеміз

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Биыл ауа райының жауын-шашынды болуының салдарынан Түркістан облысының кейбір аудандарында табиғи апаттар жиі орын алуда. Мамырдың бас жағында көрші ел Өзбекстанның Сардоба су қоймасының жарылуынан болған тасқын салдарынан Мақтааралдағы біраз ауылдарды су алып кетті.

Бұл апат облыста коронавирус пандемиясымен күрес жүргізіп жатқан сәтте жығылған үстіне жұдырық болғандай әсер етті. Қырсық мұнымен де бітпей, артынша Шымкент қаласы мен Төлеби ауданында да қатты жауған нөсердің салдарынан алапат тасқын болып, көптеген тұрғындардың үйлерін су алып кетіп, бірталай мал шығыны орын алды, көлік қатынайтын көпірлер қирап қалды.

Облыстың Төтенше жағдай қызметкерлері апаттың зардабын жоюға бар күшін салып, бүкіл ел жұмылды. Бұл елдік шарадан Қазақстан темір жолының ерікті жастары да шет қалмай, төтеншеліктерге қол ұшын созды.

Шымкент ЖТ бөлімшесінің ерікті теміржолшы жастары қала іргесіндегі табиғат апатынан, яғни су тасқынынан зардап шеккен Елтай елді мекеніне барды.

Олар сол жерде тазалау, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатқан «Ұлттық Ұлан» ішкі істер әскерінің 110 сарбазына өз қаражаттарының есебінен бір күнгі түскі асын ұйымдастырып, ыстық тамақ берді.

Бұдан кейін Шымкент теміржолы бөлімшесінің жастар ісі жөніндегі кеңесінің аймақтық өкілі Ердос Әлішер бастаған еріктілер тобы жұмыс барысында мүгедек болып қалған әріптестері Есқали Мәуленовтің шаңырағына да арнайы барып қайтты.

2017 жылы Қазығұрт станциясында өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан вагон құрастырушы Есқали Мауленов бір аяғынан айырылып мүгедек болып қалған болатын.

Содан бері үйінде жатып қалған теміржолшының қалжағдайын білу үшін шаңырағына бас сұққан Шымкент теміржолының жастары оның отбасына қажетті азық-түліктер жеткізіп, қаржылай да көмек көрсетті.

Міне, ел басына қиын күн туған шақта қанатымен су сепкен қарлығаштай тыным таппай жүрген теміржолшы жастардың ұраны: «Табиғи апаттар зардабын бірге жеңеміз!».