Мұқтаж жандардың сауабын алды

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

«Қайырымдылық-2020» акциясы Атырау өңірінде жалғасын табуда. Мың айдан да қадірлі саналатын қасиетті ораза айында ол тіпті қарқын ала түскені анық. Оның үстіне елдегі карантин де мұқтаж жандар қатарын арттырып отыр.

Аққыстау станциясының ұжымы «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», станциядағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына көмектесіп, сауапты іс жасады. Олар ортадан ақша жинап, бірнеше отбасына барып, бірінші кезекте қажетті азық-түлік түрлерін, ұн, май, қант, макарон, жарма өнімдері түрлерін, көкөністер сатып алып, ұжымның атынан табыс етті.

«Төтенше жағдай кезінде қаншама адамдар жұмыссыз, табыссыз қалды. Әлеуметтік жеңілдікке де қол жеткізбегендер бар. Ал темір жолда жұмыс тоқтаған жоқ, станциялар күні-түні жұмыс жасап тұрды. Теміржолшылар табысын толықтай алып отырды. Осыны түсінген аққыстаулықтар өзара қаражат жинап, мұқтаж отбасыларға көмек беру – мынау ораза айында ең сауапты іс деп тапты» , – дейді станцияның қозғалыс жөніндегі ревизоры Ерлан Тарихов.