Түрксіб заманынан сыр шеткен...

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Тараз қаласындағы ерекше мәдени нысандардың бірі – Жамбыл темір жолының музейі. Өңір теміржолшыларының жаппай атсалысуымен, бірнеше жыл бойы құнды жәдігерлермен жасақтау, жабдықтау жұмыстары тынымсыз жүргізіліп, бір жыл бұрын салтанатты жағдайда ашылғанын қуана сүйіншілегенбіз.

Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Үмітбек Рысбековтің айтуынша, бұл мәдени нысанды ашып, көпшіліктің игілігіне ұсыну жолында көл-көсір еңбек атқарылған.

«Мұражай жәдігерлерінің оңайшылықпен жиналмағаны аян. Тарихи деректерді ақтардық, көне дүниелердің маңызын, салмағын сараладық. Ізденісіміз нәтижесін берді, көне де құнды дүниелерге жолықтық. Жәдігерлерді жинау әлі де жалғасып жатыр», – дейді ол.


Музейге енгенде ең алдымен көзге түсетін және бірден өзіне тартатын құнды дүниелер сонау Түрксіб магистралінің құрылысы кезінен сақталған тот басқан көне заттар. Сол заманда түсірілген фотосуреттер де құндылығымен көз тартады. Әсіресе, 1937 жылы Түрксіб теміржолы басқармасы теміржолшы Миржали Оңласыновқа берген «Паровоз слесарі» деген куәліктің түпнұсқасы бірден назар аудартады. Сарғыш тартқан құжат сол уақыттың талай сырын бүгіп жатқаны анық.

Сонымен қатар Түрксіб басқармасы қызметкерінің жұмыс үстелі және ондағы қызыл жұлдыз, 1937 жылы шығарылған телефон аппараты, сол замандағы потефон, көне кирка, наладка, жол жұмысшысының қайласы мен балғасы, машинистің «шарманкасы» мен қолфонары сынды құрал-саймандар да тоқсан жылдық тарихтың жәдігері ретінде еріксіз көз тартады. Осы қатардағы 1887, 1888, 1907, 1916 жылдары шығарылған рельстер – теміржол саласының бірегей экспонаттары.

Ұлы Отан соғысына қатысқан теміржолшылар бұрышының құндылығы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы тойланып жатқан биыл тіпті арта түскен.

Бұл мүйістен кеңес әскерлеріне тән дүниелерді көруге болады. Теміржолшы майдангерлердің каскасы, сағаты, компас, котелогы мен фляжкасы, майдан сөмкесі, темекі тартуға арналған түтікше, оттық, противогаз сияқты әскери және тұрмыстық бұйымдар зұлмат жылдардың естеліктерін шертіп тұрғандай.

1992, 1995 жылдары электрлендірілген Жамбыл-Түлкібас және Шу-Луговое учаскелерінің пайдалануға берілуі кезінде тапсырылған символикалық кілттер де отыз жылға тарта уақыт бұрынғы тарихи оқиғаны ойға оралтады.

1995 жылы Шу қаласында ұйымдастырылған айтулы басқосуда учаскенің символикалық кілтін Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі өңірдегі темір жол бөлімшесінің директоры

С.Ақшаловқа салтанатты жағдайда тапсырған еді. Сол сәттегі фотосуреттер де бүгінде шежіреге айналып, музей төрінен орын алған.

«Бұл музейді өткенге тағзым, келешекке тағылым деп бағалаған абзал. Өйткені, біз мәдени нысанды жасақтаған кезде теміржол саласына қатысты жәдігерлермен, құнды дүниелермен, фотосуреттермен, құжаттармен бірге, жамбылдық құрметті теміржолшыларды естен шығарған жоқпыз. Осында басшылық еткен азаматтардың да фотосуреттерін төрімізге ілдік. Бүгінгі буын олардың есімдерін ұмытпай, біліп жүруі тиіс. Бұл мұражай Түрксіб заманынан бүгінге дейінгі уақытта өңірлік теміржолшы саласының шежіресін шертетін қасиетті орны болуы керек», – дейді Ү.Рысбеков.