Маңғыстаудан қай бағыттарға билет сатылады

Төтенше жағдай тәртібі алынып, карантин талаптары жеңілдетілгесін халық бірте-бірте қалыпты өмірге оралуда. Жолаушылар пойызының қатынасына дайындық кезеңі де қайта басталып, кассаларда теміржол билеттері сатыла бастады.

Маңғыстауда теміржол билеттерінің сатылымы мамырдын 15-нен кезең-кезеңімен жолға қойылуда. Сол күннен бастап №309/310 «Маңғыстау-Ақтөбе» және жұп күндері жолға шығатын №37/38 «Маңғыстау -НұрСұлтан - Нұрлы жол» бағыттарының билеті сатылуда. Ал пойыздар қозғалысы маусымнан басталмақ. 1 маусымнан Маңғыстау станциясынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтөбе және Маңғыстаудың Бейнеу бағыттары бойынша жолаушылар пойыздары қатынауын жалғастырады.

Алғашқы болып жаздың бірінші күні Маңғыстау станциясынан «Маңғыстау – Ақтөбе», 2 маусымнан «Маңғыстау -Нұр-Сұлтан - Нұрлы жол» пойыздары жолға шығады. Басқа бағыттар да бірте бірте бұрыңғы жүру кестесіне қайта келтіріледі. Мұнда әрине, карантин тәртібіне байланысты бекітілген талаптар қатаң сақталады. Қозғалыс теміржол вокзалы, жолсеріктер мен жолаушылар арасында, вагонның ішінде белгіленген ереже-тәртіптер аясында қамтамасыз етіледі.

− Елімізде карантин енгізілгенге дейін пойызға билет сатып алып, кейін тапсыруға үлгермей қалған адамдар өз билеттерін кассаларға келіп тапсыруына болады. Қазір бізге мұндай тұрғындар жиі хабарласады. Ал енді төтенше жағдайдан кейінгі қозғалыс туралы айтсақ, халық тиісті талаптарға бойсұнуы керек. Адамдардың көп шоғырлануына байланысты вокзал ішінде және сыртында 1 метр арақашықтықты сақтау маңызды. Осы мақсатта адамдардың бір-бірінен алшақ тұруы үшін арнайы белгілер қойылады, – дейді бұл туралы Маңғыстау вокзалының бастығы Алма Айымқұлова.