Өзенде өткен тексеріс

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

COVID-19 індеті таралуының алдын алу мақсатында елімізде көпшілік іс шараларға тыйым салынды. Соған орай, теміржолдағы биылғы көктемгі байқау да ерекше тәртіпте жүргізілді. Яғни, жылдағыдай бөлімшеден шығатын топтық комиссия жоқ, тексеріс жергілікті басшылыққа жүктелді.

Жуырда Өзен станциясындағы байқау да жылдағыдай НОДГП-14, НЖС-14, РБ-14 басшыларымен жасақталған комиссиясыз, жергілікті теміржолшылардың өз күшімен өтті, дегенмен филиал басшыларының назарында болды.

− «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрғасынның бірінші орынбасары Қ. Әлмағамбетовтың 20 наурыздағы №00046 телеграфтық нұсқауы бойынша көктемгі тексерісті наурыз айының 30-нан бастап мамыр айының 15 аралығында өткізу туралы арнайы бұйрық бар. Осыған орай Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің Өзен станциясында мамыр айының 4-5 күндері ДС, ТД-30, ПТО мекемелері басшыларымен көктемгі тексеріс ұйымдастырылды.

Еліміздегі коронавирус індетіне байланысты көп адамның жиналуына тыйым салынғандықтан тексеріске тек жауапты адамдар ғана қатысты. Атап айтқанда Өзен станциясы бастығы Самат Сариев, Өзен айналым локомотив депосы ТД-30 бастығы Амандық Аралбеков және Өзен станциясының техникалық қызмет көрсету пункті бастығы Жолмұрат Есибаев және мен болдым, – дейді Өзен станциясы бастығының орынбасары Самал Зулпыхаров.

Олар маусымдық байқау кезінде барлық бағытты қамтуға тырысқан. Соның ішінде теміржолшылардың қызметін реттейтін жұмыс орнында Нормативтік құқықтық актілер және Нормативтік техникалық құжаттардың болуына және олардың жүргізілу тәртібіне, өндірістіктехникалық ғимараттардың жай-күйі, яғни, ас бөлмесі, жуынатын бөлмелердің жағдайы, бөлмелердің эстетикалық сипатын жақсартуға, жылжымалы құрамдардың қазіргі жағдайына жіті көңіл аударған.

Сонымен қатар қозғалыс қауіпсіздігін анықтау, табантежегіштердің 88-ЦЗ бұйрығының талаптарына сәйкестігіне, кызметкерлердің жұмыс барысында 52З-ЦЗ бұйрығына сай өзара радио байланысына, маневрлік қозғалыс кезінде пойыз құрастырушылардың іс-қимылына, вагондарға мініп-түсу процесіне, табантежегіштерді бекіту жұмыстарына бақылау жасап, станция кезекшісінің міндетін өз деңгейінде атқара білуін қадағалады.

Сондай-ақ, станция қызметкерлерінің жазғы жұмыстарға әзірлігі пысықталды. Олардың жазғы формалармен толық қамтылуы, жұмысқа қажетті құралжабдықтарының түгел болуы, практикалық және теориялық білімдері, еңбек қорғау, өрттен сақтану және өндірістік жарақатқа жол бермеу шараларының жүргізілуі жайы тексерілді. Нәтижесінде кемшіліктерде анықталды. Соның ішінде станцияның өзінен – 9, ТД-30-дан – 12, ПТО мекемесінен – 9 кемшілік табылды. Оның бесеуі проблемалық кемшіліктер.

Бұл жөнінде ақпарат берген Өзен станциясы бастығының орынбасары Самал Зулпыхаровтың айтуынша, аталған кемшіліктерді қайталамау үшін қажетті жоспар жасақталып, тиісті шаралар қолданылған.