Вокзалдар жұмысын бастады

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Елімізде жолаушылар пойызы қатынасының іске қосылатыны халық үшін жағымды жаңалық болды. Барлық жерлерде вокзалдар ашылып, 15 мамырдан бастап билет кассалары жұмысын жандандырды.

Атырау магистралдық желі бөлімшесі директорының вокзал шаруашылығы бойынша орынбасары Айбек Қуанышев 1 маусымнан бастап жолаушылар пойыздары кезең-кезеңмен жүргізіле бастауына орай, Атырау облысы өңіріндегі вокзалдар жолаушыларды қабылдауға дайын дейді.

Алайда, оның айтуынша вокзалға бұрынғыдай кім болса соның емін-еркін кіруі тоқтатылады, тек қана билет сатып алушылар ғана кіргізіледі. Атырау өңіріндегі 8 вокзалда (Атырау, Құлсары, Ганюшкино, Мақат, Сағыз, Жантерек, Доссор, Аққыстау) 15 мамырдан бастап билет кассалары жұмысын бастады. Соның ішінде Атырау вокзалында «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның 4 билет кассасы, қалғандарында бір бірден жұмыс істейді.

Ал жеке кассалар әзірге жабық. Қазіргі уақытта және пойыз қозғалысы басталған кезде вокзалға кіреберісте арнайы қызмет мамандары жолаушының температурасын тексеріп, маскамен ғана кіргізеді.

Шығарып салушыларға кіруге рұқсат жоқ. Күту залында орындықта және касса кезегінде тұрғандарға да бір метр ара қашықтық сақталады.

Пойызға отырғызу басталған сәтте де тек қана билеті бар жолаушылар кіргізіледі. Егер де мүгедек жандар болса, оларды вокзал қызметкерлері өздері вагонға отыруына жәрдем жасайды.

Айбек Қуанышевтің айтуынша, вокзалдардағы дизенфекциялық жұмыстар өз күштерімен тұрақты өткізіліп тұрады. Ал Ресейге қатынайтын Атырау-Астрахань пойызы және Атырау арқылы өтетін халықаралық басқа да пойыздар әзірге жүрмейді, олар пойыз қатынасын жаңартудың келесі кезеңдерін қамтиды.