Мен әкемді таптым

Неміс фашистері 1939-1941 жылдары Европаның 14 мемлекетін басып алып 1941 жылы 22 маусымда кеңес үкіметіне соғыс ашты. Осы сұм соғыс қанша адамға қайғы-қасірет шектірді. Қанша боздақ қыршынынан қиылып, анасы баласынан, жары жұбайынан, балалары әкесінен айрылды. Жеңіс жолында Отан үшін, елі үшін, ұрпағы үшін жанын пида еткен миллиондаған азаматтар ерлікпен қаза тапса, жараланып, мүгедек болып қалғандары қаншама..

Менің әкем Көшжан Семей облысының Абыралы ауданы ауылдық кеңесінің тізімімен соғыс басталған жылы қазан айында Семей қаласының соғыс комиссариатына бір топ ауылдастарымен, Жұмажан, Әйткен, Хафиз атты үш інісімен бірге аттанған еді.

Соғыс деген жаман екенін 5 жастағы сәби менің де жүрегім сезді. Себебі зар еңіреп жылаған әйелдер, кемсеңдеп ақ жол тілеп, бата беріп жатқан аталардың іреңдері түнеріңкі еді.

Ер-азаматтарын соғысқа аттандырып,колхоз шаруашылығын атқаруға әйелдер мен балалар, қарттар кірісіп, "Тыл мықты болса, жеңіс біздікі!" деген ұранмен күнітүні еңбек етті. Біз ерте есейдік, бала болып ойнамадық, қарнымыз тойып ас ішпедік, титтейімізден еңбекке араластық.

Анам 1944 жылдың күзінде Калинин колхозының Ұзынбұлақ сиыр фермасында сауыншы болып жұмыс істеп жүргенде, колхоз бастығы Түсіп Мұсатаев, ауыл кеңесі Күлзи деген апай бастаған 7-8 адам келіп әкемнің соғыста ерлікпен қаза тапқанын естіртті.

Олар жазда науқан, жұмысқа бөгет болады деп, қара қағаз келгендерді шаруашылықты жинақтап, қысқы қонысқа орналасқасын естіртеді екен.

Біз шиттей бала-шаға, үлкеніміз 8 жастағы Қазиза, одан кейін мен, Сайлаугүл қарындасым, әкем кеткенде іште қалған інім Советбек осылай әкесіз қалдық. 1945 жылы 9 май жеңіс күні халықтың қуанышы, үлкен-кіші құшақтасып көрісіп, түнімен далада от жағып, әйелдер зарлы ән айтып, жеңісті тойлағаны есімде. Әкемнің інілері Жұмажан мен Хафиз жаралы, мүгедек болса да елге аман-сау оралды. Ал Әйткен інісі еңбек армиясынан келіп 1944 жылы өмірден озды. 1946 жылы қатты қыс болып, Аққора деген қыстақта екі әйел балаларымен 100 бойдақ құнажын сиырды күтті. Бірі менің анам еді.

Осы қыста қатты суық тиіп 40 жасында анамыз да өмірден озды. Ел іші, ағайынның арасында кілең жетім мен жесірдің ортасында біз зор қиыншылықпен жетілген едік...  

 Мен өмір бойы әкемді күтіп аңсаумен жүрдім, мүмкін тірі болар, оралар деген балалық үмітім көп жылдарға дейін өшпеді. Жан-жаққа іздеу салып, «Түңлікбаев Көшжан Калинин майданы 81 атқыштар дивизиясында болған» деген ғана ақпар алдым. Әрі қарай өз бетімше іздеу, жан-жаққа жазған хаттарым ештеңе бермеді.

Тек біреуінен "хабарсыз кеткен" деген мағлұмат алдым. 2014 жылдың қараша айында Россияның қорғаныс министрлігі Орталық архивіне 1941 жылы Калинин майданы 81 атқыштар дивизиясында соғысқа қатысқан әкем туралы дерек сұрап кезекті хат жолдадым. Себебі, соңғы жылдары көптеген мағлұматтар жаңарып жатқанын оқып біліп отырмын. Көп ұзамай төмендегідей жауап келді: г. Подольск, Московская обл. Существовала 81 стрелковая дивизия, которая в период с 16 октября 1941 года по 3 марта 1942 года входила в состав Юго-Западного фронта, в сентябре 1942 года расформирована. Основание: инвентарный 190/90, страница 263. Документов управления 81 стрелковой дивизии за 1941-1942 годы,необходимых для наведения справки, нахранении в ЦА МО РФ нет. Всостав 81 стрелковой дивизии входили: 53,202,323 стрелковые полки, 667(125) артелерский полк.

Маған көмектескен заманауи технология, ғаламтор болды. ОБД (общественный банк данных) деректері бойынша "Мемориал" сайтынан Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан шақырылғандар тізімін қарап отырып «№ 28219 фамилия Тундукбаев, имя Кушун,1898 г.рождения. Место рождения Семипалатинская обл. Авральский район. Дата и место призыва Семипалатинский ГВК. Каз ССР. Последнее место службы 305 стрелковая дивизия. Причина выбытия-убит. Дата выбытия 16.07.1944 г.» деген мәлімет таптым. Аты-жөні бұрмаланып жазылғаны болмаса, бұл менің әкем екеніне титтей де күмәнім болмады. РФ Орталық архивіне осы мәлімет бойынша тағы хат жолдадым. Биылғы жылдың 4 ақпан күні жазылған жауап хатта: "Стрелок рядовой 1000 сп 305 сд Тундукбаев Кушун 1898 года рождения, уроженец Семипалатинской области, Авральского района. Призван Семипалатинским ГВК. Убит 16.07.1944 г. Похоронен в д.Кудиновцы Тернопольской области. Украина» деген мәлімет алдым. Міне, соғыстан кейін 75 жыл өткенде мен әкемнің дерегін алдым, қайда жерленгенін білдім. Ендігі мақсатым, қасиетті Украина жерінде жатқан әке рухына тағзым ету.

Мақсұт КӨШЖАН,

ардагер-теміржолшы "ТүрксібСемей" қоғамдық қорының және мұражайының директоры