Жауапкершілік пен сақтықты арттырды

Жаһандық індетпен күресте Қазақстанда көптеген кәсіпорындар өз жұмысын тоқтатқанымен теміржолдағы жүк тасымалы үздіксіз жалғасып жатты. Басқа көлік қатынасы тоқтаған кезде ішкі нарықты өндірістік және өнеркәсіптік өнімдермен қамтамасыз ету – теміржолға жүктелген жауапкершілікті арттыра түскені анық.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ бас директоры Қайрат Сәуірбаевтың айтуынша, ел экономикасы үшін ауыр салмақ түсірген осындай қиын шақта темір жол көлігі аса маңызды стратегиялық рөл атқарып отыр. Мысалы, тек өткен сәуір айында Қазақстан темір жолы бойынша 20 миллионнан астам тонна жүк тиелген. Оның 8,5 млн тоннасы – көмір. Қазақстандықтарға темір жол арқылы 5,6 млн тонна қатты отын жеткізілген. Экспортқа 2,9 млн тонна көмір шығарылған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 9 пайызға артық. Сонымен қатар, халықаралық темір жол қатынасында, мысалы Қытаймен арада тасымал көлемі артқан. Сәуірде қос ел арасындағы тасымал көлемі 48 пайызға өсіпті.

Бүкіл елді қауіпті індет жайлаған бүгінгідей алмағайып уақытта жұмыстарын тоқтатпаған теміржолшылар қауіпсіздігі – төтенше жағдайдың алғашқы күніннен ба сты назарға алынды. Кеңсе қызметкерлері қашықтан жұмыс істеуге көшірілсе, өндірістегі жұмысшылар карантиндік сақтық шараларын өте қатаң сақтай отыра жұмыс істеуді үйренді. Мәселен, машинистер мен олардың көмекшілері, вагон қараушылар жұмысқа кірісер алдында толықтай медициналық тексеруден өткізіледі. Әрбір ауысым алдында дене қызулары тексеріледі. Барлық техникалық сабақтар мен отырыстар онлайн түрде өткізілуде.

Теміржолшыларға жеке бас гигиенасын сақтауы қатаң талап етілді. Болашақ, Достық станциялары сынды мемлекетаралық шекаралық түйісу нүктелерінде жүк қабылдау кезінде екі жақтың теміржолшылардың мүмкіндігінше бір біріне байланыспай жұмыс жүргізуіне жағдай жасалды. Олар эпидемияға қарсы костюмдер, маска, қолғаптар киіп, қорғаныш құралдарын толық пайдаланды. Станцияларда контейнерлер ашылмас бұрын толық зарарсыздандырылады. Қысқасы, карантин теміржолшылар жұмысында жауап кершілік пен сақтықты арттырды.

Сонымен қатар қазіргі таңда Қазақстан бойынша тасымал құжаттарын рәсімдеу үшін станцияға барудың қажеттілігі жоқ. Жоспарлау, рәсімдеу, тасымалдың бағытталған мекенжайын қайта бағдарлау жұмыстары АСУ ДКР жүйесі арқылы «Жеке кабинетте» жасалады. Осы жүйе арқылы клиенттер төлем жасап, айыппұл, жинақтарын өтей алады.