Төтенше жағдайды тиімді пайдаланды

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Төтенше жағдайға байланысты жолаушылар пойызын қабылдауды тоқтатқан Ақтөбе теміржол вокзалында карантин уақытын пайдаланып косметикалық жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мамыр айының аяғында жолаушыларға қызмет көрсету басталады деп жоспарлануда.

Ал қазіргі уақытта вокзалдың сыртынан бастап, ішкі бөлігі, қойма, перронға дейін шағын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әрлеп-сырлап, сынған, жарылған кафельдер ауыстырылып, кіреберістегі баспалдақ, табалдырық, перрон жақ бет және терезелердің алдындағы ескірген қыштақталар түгел жаңартылады.

Жөндеу жұмыстары кезінде вокзалдың күту залындағы 140 лампалы люстра шамдары да жаңартылып жатыр. Оған француздық өндірістен шыққан жарықтандыру қондырғылары алынған.

«Жертөледегі қойма, электрик, техникалық қызметкерлер кабинетінде жөндеу жұмыстары толық бітті. Ағаш едендер алынып, кафель төседік. 500 метрлік кабель ауыстырылды. Енді жарықтандыру жұмыстарында да кедергі болмайды. Техникалық қызметкерлерге арналған душ, санузелдер жасалды. Ағымдық жөндеу, қазандықтар жұмысын да айналып өтпеді. Кем-кетігі қаралып, келесі жылу маусымына дайындалды», – дейді Ақтөбе теміржол вокзалының басшысы Тойбазар Қуанышев.

Сонымен қатар, вокзал алдындағы автотұрақты 1 метрлік қашықтықпен сырлапәрлеу жұмыстары да жергілікті әкімдіктің тапсырмасымен вокзал басшылығына міндеттелген. Барлық жұмыстар 20-25 мамырға дейін аяқталуға тиіс.

Теміржол вокзалында жасалып жатқан жөндеу жұмыстарымен танысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов жергілікті әкімдіктен қолдау болатынын айтқан. Жұмысшаларды қорғаныш киімдері мен арнайы көзілдірік, антисептик, дизенфекциялық материалдармен қамтамасыз еткен.

«Вокзал іске қосылған кезде кіреберіске үлкен құтыларға бірнеше антисептік қойылады. Және кассаның алдына, пойызға мінер жерлерде 1 метрлік қашықтықты ұстау тәртібі сақталады. Ол үшін ленталармен бөліп жатырмыз. Күту залындағы орындықтар да метрлік тәртіппен қойылған. Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың кедергісіз жүріптұруына арналған пандустар да талапқа сай», – дейді вокзал басшысы.