Біз сенімен біргеміз, Мақтаарал!

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында су басудан зардап шеккен халыққа еліміздің түкпір-түкпірінен қолдау көрсетіліп жатқанда маңғыстаулық теміржолшылар да қарап қалмады.

Алғашқылардың бірі болып өңірімізден Мақтаарал ауданына жиналып жатқан көмекке өз үлестерін қоқан. Игі шараға алдымен үн қосқан түбек теміржолшыларының «Маңғыстау.кз» жайдарман командасының жігіттері болды.

Олар өз үлестерін облыстан Түркістанның су басқан елдімекен түрғындарына азық-түлік пен басқа да тұрмыстық қажеттілік бұйымдарынан жиналып жатқан гуманитарлық жәрдем көлігіне жеткізіп берді. Оның ішінде азық-түлік өнімдері мен гигиеналық құралдар бар.

− Апат айтып келмейді. Қазір Мақтааралда тасқын судың зардабын тартып, лезде үй жайлары мен бүкіл дүниесінен айрылып қалған халыққа оңай емес. Сондықтан алыста болсақ та көңілімізді білдіріп, барынша қолдау көрсетуіміз керек. Бұл біздің азаматтық парызымыз. Біз сенімен біргеміз, Мақтаарал дегіміз келеді, – дейді «Маңғыстау.кз» топ басшысы, Маңғыстау вагон депосының вагон қараушы-жөндеушісі Қуатбек Көпбаев.

Иә, көлдің өзі көп тамшыдан құралған. Жас теміржолшылардың Мақтааралға көмегі теңіздің тамшысындай болса да үлес.