Ардагерлерге ән шашу

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы құрметіне Батырхан Шүкеновтың «Отан Ана» әнін шырқаған өнер жұлдыздары қатарында теміржолшылар да бар.

Бибігүл Төлегенова бастаған Қазақстанның өнер жұлдыздары Жеңістің 75 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне деген ыстық ықыласы мен құрметін әнмен жеткізді.

«Жеңіске - 75 қадам» әлеуметтік-қайырымдылық жобасының Ақтөбе облысы бойынша жетекшісі, теміржолшы Руслан Жұмағалиев те Nazima, Жүгінісовтер отбасы, Алтынай Жорабаева, Марат Омаров, Серік Ибрагимов, Дастан Оразбеков сынды танымал өнер жұлдыздарымен бірге ән айтты.

«Батырхан Шүкеновтың «Отан Ана» әні арқылы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне деген құрметімізді жеткізуге тырыстық. Ашық аспан мен бейбіт күн – аға буын сыйлаған ең қымбат дүние! Отанға деген сүйіспеншілік бізді биік жеңістерге жетелей берсін.Елге амандық пен тыныштық тілейміз», – дейді теміржолшы.

«Жеңіске -75 қадам» әлеуметтік-қайырымдылық жобасының жұмысы тек мамыр айында ғана емес, жыл бойы жалғасатын болады. Жоба жетекшілері облыстағы 45 ардагердің үйіне жылына төрт рет баруды жоспарланған.