Кәсіподақ – қорғаның

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Әлемді дүрбелеңге салған covid-19 вирусты пандемиясының таралуының алдын алу мақсатында теміржол мекемелерінің кәсіподақ ұйымдары белсенді жұмыс істеуде.

Олар жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында дәнекер болып, төтенше жағдайға байланысты қашықтан жұмыс істеу, қысқартылған жұмыс күніне көшу, еңбек қатынастарын реттеуге атсалысып, теміржолшылардың қорғаныс заттарымен қамтылуын бақылауда ұстауда.

Елімізде алғаш төтенше жағдай жарияланғаннан қашықтан жұмыс істеу тәсілін енгізген компания басшылығының пәрменіне орай, аймақ тұрғындарын төтенше режимде жұмыс жасауға бұйрық берген облыстың мемлекеттік бас санитарының қаулысына сәйкес, бөлімше басшылығының бұйрығы жарияланған. Осы пәрмендер негізінде Covid-19 вирусты инфекциясының таралуының алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында төтенше жағдай тоқтатылғанша қашықтан жұмыс жасау уақытының режимі белгіленді. Аймақ бойынша салалық мекемелердің кәсіподақ ұйымы қызметкерлері, бөлімшенің кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхтар Көпірбаев, Ажар Ерманова және «Қазкөліккәсіп» филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Ахметовтер басшылық құраммен үйлесе жұмыс жасап, вирусты инфекциядан қорғану заттарын қажетті мөлшерде теміржолшыларға үлестіруді ұйымдастырды.

– Кәсіподақ ұйымымен тығыз қарымқатынаста жұмыс жасаған дистанциялар кәсіподағы ұйымының төрағалары Дастан Әбішев, Елжас Жеткербай, Бақытжан, Ерсайын, Көбейсін, Ғалия Ноғайбаевалар ұжымдастарына көмек жасаумен қатар «2020 қайырымдылық ісі» акциясына қаражатпен демеушілік жасап үлес қосуда. Қазіргі таңда аймақ теміржолшылары қорғаныс заттарымен толық қамтамасыз етілген. Және де жағдайға қарай қажетті қосымша қорғаныс заттары берілетін болады. Әрбір салалық ұжымның кәсіподақ ұйымы теміржолшылардың жүз пайыз қорғаныс құралдарымен қамтылуына жауапты,-деді бөлімшенің кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхтар Көпірбаев.

Айта кетейік, Қызылорда ЖТ және Магистральдық желі бөлімшелері тарапынан аймақ теміржолшыларына карантин мерзімі жарияланған күннен бастап 8425 дана бір және көп реттік бетперде, 1650 жұп қолғап, 1533 литр ағартқыш, бірнеше қорап шаруашылық және иіс сабыны, санитайзер және өзге де қорғаныс заттары таратылған, әлі де таратылуда.

– Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты, короновирус дертінің алдын алу мақсатында, барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдары өз ұжымдарында теміржолшылардың жеке гигиеналық тазалықтарын сақтап жұмыс істеуін тұрақты бақылауда ұстауда. Бүгінгі таңда аймақ теміржолшылары қорғаныс заттарымен толық қамтамасыз етілген,-деді «Қазкөліккәсіп» филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Ахметов.