Мұхаметжан Тынышпаев салған туннель

12 мамыр – Мұхаметжан Тынышпаевтың туған күні. Қазақ теміржолының атасы деуге лайық тұлға тәуелсіз қазақ елінің тарихынан лайықты орнын алды ма, жоқ па, білмейміз. Білетініміз, теміржолдың өн бойында ұлы тұлғаның өшпес қолтаңбасы сайрап жатыр...

1879 жылы Жетісудың Лепсі өңірінде туған Тынышпаев 1905 жылы Санкт-Петербургтің теміржол институтын үздік бітірген. Кәсіби теміржол инженері ретінде Тынышпаевтың есімін Түрксібпен ғана байланыстырамыз. Ал оның кеңес үкіметі орнағанға дейін Арыстан Пішпекке (қазіргі Бішкек) дейін Жетісу теміржол тармағын салған еңбегі жайлы көп айтыла бермейді.

Тарихтан белгілі, 1903-1905 жылдары Орынбор - Ташкент теміржолы салынды. Бүкіл батыс өңірді басып өтіп, Ақтөбе, Қызылордадан бері Арысқа дейін тартылған теміржол одан әрі Ташкентке дейін жалғасады. Ал осы жолды бері Жетісуға қарай созуды патша өкіметі сол кезде-ақ ойластырған. 1912 жылы Арыс- Бішкек теміржол құрылысын жүргізу туралы қаулы қабылданып, қазақтан шыққан теміржолшы-инженер М. Тынышпаев Ресей жол қатынастары министрінің бұйрығымен осы теміржол құрылысының бастығы, әрі бас инженері болып тағайындалады.

Бұл жерде патша үкіметі құрылысқа басшылық жасауды жергілікті ұлт өкілінен шыққан маманға тапсыруының да өзіндік себептері жоқ емес, әрине. Біріншіден Тынышпаев құрылысқа қажетті жұмыс күшін таба алатыны, ел мен жер жағдайын жақсы білетіні, жергілікті халықпен басқа да мәселелерге қатысты тіл табысатыны күмәнсіз еді. Патша үкіметі осы жағын да есепке алса керек. Арыстан бері қарай тегіс жерде жол салу анау айтқандай қиындық туғызбасы анық. Ал ең қиыны таулышатқалды Түлкібас еді.

Сол Түлкібаста күні бүгінге дейін ел аузында «Тынышпаев туннелі» деген атпен қалған тарихи орын барын көпшілік біле бермейді. Тастан қашап салған туннель мұрты бұзылмаған күйі әлі тұр. Бүгінде техниканың күшімен салатын мұндай құрылысты бір ғасыр бұрын қазақтар тастан қашап, қайла-күрекпен үңгіп қолмен салған.

Шымкентте Өміртай Қалықұлов есімді ақсақал тұрады, ұзақ жылдар сот саласында қызмет атқарған ардагер ел мен жер тарихын, соның ішінде Рысқұлов пен Тынышпаевқа қатысты деректер жинап, зерттеулер жазып жариялап жүр. Сол кісінің жер

гілікті газеттердің біріне жариялаған мақаласынан үзінді келтірейік: «Жер жанаты, Тәңіртаудың баурайы. Қаратау мен Алатаудың төс түйістірер тұсында орналасқан құтты мекен Түлкібас өңірінде сыры тереңде жатқан тарихи орындар, ашылмаған құпиялар көп.

Соның бірі - бір ғасырдан астам бұрын салынған теміржол туннелі. «Жетісу тармағы" деген атпен белгіленген Арыс-Бішкек теміржолын салған Тынышпаев осы туннелдің авторы және жүзеге асырушы. Жол құрылысы 1914 жылы Арыс станциясында басталып, Түлкібас өңірін 1915-1916 жылдар жалғастырады. Туннель құрылысы 1915 жылы басталады. Құрылысқа жергілікті өңірден жұмысшылар тартылып, негізгі жұмыстың бәрі қолмен атқарылған.

Ал таудағы тастарды қолмен қашап, ұзындығы бір шақырымнан астам, ені 11 метр, ал биіктігі 30 метр келетін теміржол туннеліне арналған ұңғыны қашап шығу қаншама күш-жігерді қажет етті десеңізші. Тунельдің өн бойында тастан өріліп, соғылған белдеулер, оның үш жерінде адам отыратын орындар жасалған. Осы жол, бірегей тунель соғыстан кейінгі жылдарға дейін жұмыс істеп тұрды. Кейін жабылып, оның орнын тауды жанамалай, ашық аспан астында салынған темір жол бағыты алмастырды» деп жазған ардагердің пікірінше, таулы-тасты Түлкібастың қия беткейінен салынған туннель теңдессіз, Одақта бірегей құрылыс болып есептеледі.

Өткен жылы Мұхаметжан Тынышпаевтың 130 жылдығы атап өтілді. Ұлы тұлғаның жиен қарындасы, Тынышпаев қорының президенті Нұршакен Жүнісқызы осы шараға орай Шымкент көлік және коммуникациялар колледжіне кездесуге барған сапарында әдейілеп сол туннельді барып көреді. Қаладан 30 шақырымдай қашықта жатқан, Түлкібастың биік шатқалында орналасқан туннельге жетудің өзі оңай болмапты.

«Жергілікті азаматтарға рахмет, бастап барып көргенде бір қуаныш, бір өкініштен жыладым. Бірегей құрылысты көріп таң қалдық. Адам қолы жасаған керемет осындай-ақ болар! Туннельдің нағыз тарихи жәдігер екеніне көз жеткізуге болады. Аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков деген жақсы азаматтың қолдауымен туннельге ескерткіш-тақта орнатылыпты. Мен ойладым, «Рухани жаңғыру» жобасы аясында қолға алатын мұраның бірі осы емес пе? Түлкібастың ғажайып сұлу табиғатын пайдаланып, осы өңірде неге туризмді дамытпасқа? Сол адам қолымен жасалған кереметтерді елге көрсетпеске? Шетелдіктер таң қалған болар еді ол туннельге. Ал біз бай тарихымызды, өз құндылығымызды өзіміз бағаламай отырған жоқпыз ба?» – дейді Нұршакен апа.

Тарих демекші, Түлкібас станциясындағы көне вокзал да сол құрылыс кезінде Тынышпаевтың жобасымен салынған. Теміржолмен әрі-бері өткен жолаушы халық үшін Түлкібас - алманың отаны ретінде ғана танымал шығар. Себебі, иісі бұрқыраған Түлкібастың нарттай қызыл алмасының аты Қазақстан түгілі шет елге де таныс. Ал маңдайшасына «Түлкібас вокзалы» деп жазылған осынау көне ғимараттың қанша сырды ішіне бүгіп жатқанын кім білсін?!

Биыл Түрксібтің 90 жылдығына орай Луговой станциясын Түрксіб деп өзгерту жайлы ардагерлер ұсыныс жасап жатқаны белгілі, ал Түлкібас станциясы – Тынышпаевқа сұранып-ақ тұрған жоқ па?! Бұл біздің ұлт қайраткері алдындағы парызымыз болмақ.