Мәңгі қарыздармыз: соғыс көрген Рахила Қанатбаева

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің директоры Серғазы Жайлаубай жылдағы дәстүр бойынша Жеңіс күні қарсаңында қалада тұратын тыл еңбеккері Рахила Қанатбаеваның шаңырағында болды.

«Жеңіс күні – ерліктің символы. Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның қаһармандығы біздің мәңгі жадымызда, ол ерлік ұмытылмайды. Сіздер бастан кешкен қиын күндер біздің ұрпақтың бақытты күндерінің өтеуі. Сондықтан Сіздерге мәңгі қарыздармыз. Ұлы Жеңіске үлес қосқан әрбір ардагер біздің мақтанышымыз»,– деді Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің директоры Серғазы Жайлаубай.

Ғасырға жуық жасаған Рахила Қанатбаева соғыс көрген. 1943 жылы небәрі 15 жасында бір жыл бойы соғыс даласында жаралы жауынгерлерге көмек көрсетіп, ота жасайтын дәкелерді ыстық суға қайнатып дала госпиталінде жұмыс істеген. Үйінді астынан мәйіттерді арқалап шығарғандарын еске алды.

«Мәйіттерді арқалап жүріп тасыдық. Алғашында өлген адамды көтеріп келе жатып қорқатын едік. Соғыс ол қорқынышты да ұмыттырды. «Жеңіс болады» деп сендік, Отан үшін от кештік. Суықта жыртық аяқ киімімізді шешіп, қайтыс болған сарбаздардың етігін киіп алатынбыз. Әр атқан таң мен батқан түнде соғыстың тезірек бітуін тіледік. Бір жылдан кейін тексеріс болып, кәмелеттік жасқа толмай соғыс даласында жүрген балалар елге қайтарылды»,дейді ардагер.

Елге қайтқан қария Ақтөбенің Шалқар станциясында депоға жұмысқа тұрған. Шойын құятын цехта соғыс құралдарын дайындағандар қатарында еңбек еткен. Бүгінде 94 жасқа шыққан қария мерекемен құттықтай келген жас буын әріптестерін көріп қуанып қалды.

Олармен естелік суретке түсті. Рахила апаның үш баласы да ұзақ жыл теміржолшы болып еңбек етіп, өмірден озды. Бүгінде қызының қолында тұрады. Бұл күні теміржолшылар әр елді мекенде тұратын ардагерлерді аралады, Жеңістің 75 жылдығына арналған медальдарын табыстап, қарттарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қандыағаш белгі беру және байланыс дистанциясы бастығы Мұрсал Мақсұт бастаған теміржолшылар Давира Бусурманова, Елизавета Борисова, Валентина Криворучко, Әлпеш Дощанова, Тамара Костенко, Қабылқазы Абдуллин секілді тыл ардагерлерімен кездесіп, мерекелік құттықтаулар табыс етті.

Сұрапыл соғыс кезінде және одан кейін де ұзақ жыл шойынжолда еңбек еткен барлық ардагерге азық-түлік себеті жеткізіліп, материалдық көмек көрсетілді.