Жетілдіру - өз қолымызда

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Локомотив шаруашылығында маневрлік қозғалыстар кезінде қызыл және сары түсті белгі беру жалаушасының маңызы зор. Маңғыстау локомотив пайдалану депосының Жолаушылар тасымалы бойынша колоннасы қызметкерлері сол жалаушаның заманауи түрін өз қолдарымен жасап, өндірісте пайдалануда.

Нақтырақ айтқанда, депоның автотежегіш жөніндегі машинист нұсқаушысы Тілектес Алхабеков осы жалаушалардың заманауи түрін қолдан өте ыңғайлы әрі арзан етіп жасау туралы бригадалармен ақылдаса отырып, іске кіріскен екен.

– Бұл енді біз үшін аса бір үлкен ғылыми жаңалық ашқандай жетістік емес. Ағымдағы жұмыстардың бірі ретінде қарадық. Дегенмен қолда бар дүниемен қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуді арттыруға тырыстық. Осы көктемгі байқау басталғалы қолға алдық. Алдымен сары, қызыл атлас матаны алып, тігіншілерге бір сыдыртып тіктірдік. Ал ұстайтын жеріне 20-лық пластмасса құбырды өлшеп кесіп алып орнаттық. Ол жеңіл және қыстырғышы бар, соны қабырғаға бекіттік. Кез-келген уақытта машинист көмекшісі де, пойыз құрастырушылар да ыңғайлы жерден қолын созып, алып кете береді. Бұрынғы қолданыстағы жалаушалардың ұстайтын тұсы ағаштан еді. Және ол қорапта, құрал-саймандардың арасында салулы тұратын, - дейді машинист нұсқаушы.

Бұл жалаушалар локомотивпен бекеттерге бір вагон су тасыған кезде немесе кез-келген маневрлік жұмыстар кезінде белгі беру үшін қолданылады. Бір кабинада бір сары және бір қызыл жалаудан тұруы керек. Ал қазір олар керек кезінде жылдам пайдалана қою үшін екі жақтағы кабинаға да орнатып қойды. Жалаушаларды олар сонымен қатар сигнализация бойынша нұсқаулық талаптарына сай жасаған. №643 бұйрыққа сәйкес бұл жалаушалар әр локомотивте болуы қажет. Депо теміржолшыларының еңбек өнімділігі үшін үлес қосып жатқан тағы бір ілгері ізденісі – тепловоздың зауыттан шыққан айнасының сапасын арттыру жұмыстары.

– Бұл айналардың артқы ұстағыштарының сапасы төмендеу, жұқалау, қатты желде сынып немесе түсіп қалып жатады. Сөйтіп бригаданың жұмысына кедергі келтіреді. Әсіресе, түнгі мезгілде тепловоз айнасы дұрыс болса, құрамның артқы жағын анық көруге көмегі зор. Соны ескере келе, неге осы айнаны сапалылау етіп, өз қолымызбен жасамасқа деп ойладық. Сосын оның артқы ұстағышын темірден жасадық. Айналасына селикон құйып, үстіне айнаны кигіземіз. Сонда ол бір орнында тұрады. Алып салып жүрмейміз. Бір рет қатырып қоямыз. Айнасы сынып қалған жағдайда оны түбірімен ауыстырмай тек әйнек жағын ауыстыра қоямыз, – дейді Т. Алхабеков.

Осындай игі бастамалардың ұйытқысы болып жүрген машинист нұсқаушы Тілектес Алхабеков - теміржолшылар династиясының өкілі. Ең алғашқы еңбек жолын туған жері Қазалы станциясындағы тепловоз жөндеу зауытында бастаған. Әкесі Ұлықпан көп жылдар Қазалы станциясының бастығы болған. Қазір үйдегі 4 ағайынды бауырларының бәрі теміржол саласында. Маңғыстау теміржолында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. Білікті маман барлық бастама бригаданың, депо ұжымының қолдауы мен еңбегінсіз бітпейтінін, сондықтан кез-келген жақсылықтың артында бүтін бір депо теміржолшыларының күші мен қажырпы еңбегі тұрғанын жеткізді. «Кем-кетік барлық жерде бар, ал оны өзімізге ыңғайлап, жетілдіру – өз қолымызда» дейді өнертапқыш теміржолшы.