Контейнерлік тасымалға кедергі жоқ

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Карантин контейнерлік тасымалға кедергі емес. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында жүк айналымының барлық қатынас бойынша 54 млрд тонно-километрді құрап, тасымал көлемі 68 млн тоннаны, яғни өткен жылға қарағанда 2% артық, ал контейнерлік тасымал көлемінің былтырғыға қарағанда 13% өсіп, 264 мың ЖФЭ құрағаны – сөзіміздің айқын дәлелі.

Бұл туралы сәуір айының соңғы күнінде әлемді дүрбелеңге салған тәжіндеті жағдайында Қазақстан-Ресей арасындағы саудаэкономикалық қарым-қатынас: тәуекелдер, сын-тегеуріндер және мүмкіндіктер сияқты өзекті тақырыпқа арналған бейнеконференция барысында мәлім болды.

Бейнекездесуге қатысушылар екі ел арасындағы сауда-саттыққа короновирус пандемиясының төндіріп отырған қауіп-қатері, ықпалы, екі жақты сауда механизмдері мен цифрландыру құралдарының мүмкіндіктері туралы талқылап, көлік логистикасы мен жеткізу тізбегін қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша көңіл бөлді.

Осы ретте, сандық жүйе арқылы өтіп отырған жиынға қатысушы «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының логистика жөніндегі орынбасары Павел Соколов, төтенше жағдай кезінде қазақстандық өндірушілерді қолдау үшін қазақ елі аумағында жүк тасымалын жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасалып отырғанын жеткізді.

Оның айтуынша, оңтайлы тарифтік саясат пен ұсынылған кешенді көліктік шешімдер нәтижесінде транзиттік тасымалдар көлемін арттыруға қол жеткізілген.

Оның үстіне, Ресей теміржолдарымен әртүрлі логистикалық жобалар бойынша және Қытай мен Орталық Азия елдерінен Ресейге транзиттік тасымалдарды дамыту бойынша белсенді ынтымақтастық та өз жемісін беруде екен.

Мысалы, темір кені тасымалын алып қарайық. «ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес ұйымы «KTZ Express» АҚ-ның Қазақстан аумағы арқылы Ресей – Қытай бағдары бойынша аталған жүк тасымалына қатысты айсайынғы көлемі орта есеппен алғанда, 25 мыңнан 100 мың тоннаға дейінгі аралықты құрап отыр.

Темір кені Ресейдің Стойленск және Курбакинс станцияларынан жөнелтіледі. Ал қазақстандық шекаралық станциялар Семиглавый Мар, Елімай және Достық арқылы бұл жүк қытайдың Үрімші бағытына жеткізіледі екен.

Темір кенін теміржол көлігімен тасымалдаудың артықшылығы, алдымен әрине тасымал бағасының өзге көлік түрімен салыстырғанда тиімді болуында және ашық вагонда жүк тиеу және түсіру жұмыстары қолайлы болмақ.

Ал бұл жүк түрін тасымалдауға KTZ Express тарапынан клиенттің сұранысына қарай арнайы тарифтік жағдай жасалған.

Қытай тарапынан сұранысқа ие болып отырған ағаш тасымалы да Ресейдің Злобино, Базаиха, Красноярск, Лесосибирск, Чунояр станцияларына шоғырланып, контейнер стандартына сай кесіліп, қазақстандық Достық станциясы арқылы Чунцин, Чэнду, Сиань және Ланьчжоу сияқты көрші ел қалаларына жеткізіліп келеді. Бұл жүк тасымалының орташа көлемі айына, шамамен 50-62 қырықфуттық контейнерден тұратын 15 пен 30 аралығында контейнерлік пойыздарды құрауда.

Бұл бағдар бойынша тасымалға сұраныстың артуына байланысты KTZ Express биылғы наурыздан бастап, өзінің жекеменшік контейнерлерін ғана емес, сырттан да контейнерлер тартуға мәжбүр болып отыр.

Компанияның контейнерлік тасымалдар сатылымы департаментінің директоры А.Орынбасаров, 2019 жылы осы тасымал түрі Қытайдан Ресейге және кері бағытта жалпы көлемнің үш есеге жуық өсуіне ықпал еткенін айтады.

Ал үстіміздегі жылдың үш айында Қытай – Ресей – Қытай бағдары бойынша 7,9 мыңға жуық ЖФЭ тасымалданыпты. Жалпы, Қазақстан арқылы өтетін бұл бағдар бойынша ағаш пен пиломатериалдарды табысты жеткізу 2018 жылдан бастау алған.