Бас санитар қаулы етеді

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 10 мамырдағы қаулысына сәйкес, елде коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша алдағы шаралар реті бекітілді. Соның ішінде темір жол саласына қатысты талаптар да ескерілді.

Қаулыда Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдіктері мен денсаулық сақтау саласы басқармалары Қазақстанға шетелден, ЕАЭО елдерінен және Өзбекстаннан мемлекеттік шекара арқылы темір жол көлігімен келген азаматтардың бәрін 2 тәулік зертханалық тексеру үшін карантиндік изоляторда оқшаулау керектігі айтылған.

Сонымен қатар олар үй карантинінде 12 тәулік оқшауланады. Сол сияқты әуе компания пилоттары мен локомотив бригадаларының мүшелері, тасымал қызметіне қатысты мамандар тұрғылықты жері бойынша медициналық тексеруге алынады. Бұл оқшаулауға алынбайтындар қатарына еліміз бен шетелдердің үкіметтік делегация, өкілдіктер өкілдері жатқызылған.

Қаулыда сондай-ақ, басты талаптардың бірі вокзалдар мен әуежайларға қатысты. Тәулік бойына жұмыс істей отыра олар ұдайы ауа ылғалдылығы мен қолайлы температураны сақтап тұру үшін ауаны желдету құралдарын ревизиялау, ғимарат ішін тазалау, жуу, зарарсыздандыру, сүзгілерді ауыстыру сияқты жұмыстарды тұрақты жүргізеді. Мәселен, ғимараттарды күніне 3 рет 15 минуттан желдетіп отыру керек.

Нұсқаулықты толық орындап, жеке қорғаныш құралдарын дер кезінде ауыстыру, зарарсыздандыру, жуу, антисептикалық құралдардың жеткілікті болуын қамтамасыз ету бойынша жауапты тұлға бекітілуі қажет.

Қызметкерлер арасында аурудан қорғану бойынша жеке қорғаныш құралдарын қолдану алғышарты туралы нұсқаулық өткізілуі тиіс. Жұмысқа өткір респираторлы инфекция белгілері бар персоналдар жіберілмейді. Жолаушылар кіреберісте байланыссыз термометрия арқылы тексеріледі. Нысандарда қолды жууға арналған санитайзерлер қойылады. Сонымен қатар келетін және кететін жолаушылар үшін бөлек-бөлек дәліздер ұйымдастыру керек. Ал шығарып салушылар вокзалдарға кіргізілмейді. Сол сияқты маска тағу, арақашықтық сақтау сияқты қарапайым санитарлық нормалар да қаулы талаптарынан тыс қалмаған.