Қырғызстанға және Тәжікстанға көмек қолын созды

«KTZ Express» мультимодальды көлік-логистикалық компаниясы Қырғызстанға 60 және Тәжікстанға 69 бірінші сұрыпты ұн тиелген жабық вагон жөнелтті.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан Республикасына ресми гуманитарлық көмек көрсету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен қаражат бөлу туралы» Жарлығын іске асыру аясында жүзеге асқан, қайырымдылық жүгі тиелген пойыздар қазақстандық Қостанай және Майқұдық станцияларында барлық санитарлық-эпидемиологиялық стандарттарға сәйкес жинақталды.

Жүк жөнелтуші – Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлiгiнiң Мемлекеттік материалдық резервтер комитетi. Қырғызстандағы жүк алушы – Қырғыз Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік материалдық резервтер қоры, Тәжікстанда – Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік материалдық резервтер агенттігі.

Гуманитарлық көмек аясында көршілес елдерге жалпы салмағы 10000 тоннаға жуық шамамен 150 вагон бірінші сұрыпты ұн жіберілді.