Тағлымды тағдыр иесі

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Қырық жылдан астам теміржолшы болған Момын Өтегенов «Ленин» ордені мен «Құрмет белгісі» ордені және бірнеше медальдардың иегері. Соғыс кезінде қабырғасы қатпаған, бұғанасы бекімеген жасөспірім шағында еңбекке араласқан буынның өкілі, тыл ардагері.

Қара жұмыстың қазанында қайнаған майталман теміржолшы жасы тоқсанға келгеніне қарамастан қазір де үй іргесіндегі шаруашылығын дөңгелетіп отыр.

Біреуден ілгері, біреуден кейін тұрмысы бар қарияның қазіргі жағдайы жаман емес, қимылы – ширақ, сөзі – түзу. Тек өзі 43 жыл табан аудармай жұмыс істеп, тер төккен өңірдегі теміржол мекемесі тарапынан елеусіз, ескерусіз қалғанына өкпе айтады. Орынды-ақ, өйткені Ленин және Құрмет белгісі орденді теміржолшы өңірде көп емес екені белгілі. «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50, 60, 65, 70 жылдық мерекелік медальдары кеудесінде тағы жарқырайды. Онымен қоса есімі Қазақстанның Алтын кітабына жазылған ардагердің жүріп өткен өмір белесі ұрпаққа үлгі боларлық тағлымға толы.

1930 жылы дүниеге келген Момын ақсақал соғыс ауыртпалығын бір адамдай арқалаған. Анасы Зиякүл біраз құрсақ көтерген, тірі қалғаны – жалғыз Момын. Қалғандары шешек, қызылша іспетті індеттерден жастай шетінеп кетіпті. «Соғыс басталғанда еңбек армиясына алынған әкем Зәбір Саратов аймағында жұмыс істепті. «Еңбек армиясына» алынуына қарағанда денсаулығында кінәрат болған-ау шамасы. Ол жағы менің есімде қалмапты. Тек 1945 жылдың басында елге оралған әкем көп ұзамай, сол жылдың ақпан айында дүние салды», – дейді кейіпкеріміз.

Анасына қолғабыс ету үшін өздері тұратын аймаққа жақын теміржол училищесіне жұмыс іздей барған сол кездегі жасөспірім баланы директор Онищенко жұмысқа емес, оқуға қабылдаған екен. Темір ұстасы мамандығы бойынша.

«Темірді қыздырып, төске қойып соғу үшін не оқу керек?» деп ойлаған алғашында. Сөйтсе, келте ойлапты. Оқу керек екен. Темірді көрікте ұстау, қызған темірді төске қойып соғу, июу арқылы қажет бұйымды жасау, содан соң оны суытып қатайтуға белгілі бір уақыт қажет. Училищеден осының бәрін оқып-біліп шыққан жасөспірім жергілікті вагон депосына жұмысқа қабылданып, табан аудармай... 43 жыл еңбек етіпті.

«Вагон жөндеуге қажетті бұйымдардың бәрін жасай беретінмін. Балта, балға, кемпірауыз, шегесуырғыш, темір кесетін шапқы секілді еңбек құралдары, шеге, қапсырма, темір қамыт секілді бұйымдар менің қолыммен жасалып, өндіріске жөнелтіліп жатты. Ол кезде шаршау дегенді білмейтін едік. Оның үстіне, соғыс жылдарының машақатымен әбден қиындыққа төзімді болып жетілдік», – дейді қария.

Шүкір, ақ-адал еңбегі елеусіз қалған жоқ. Аянбай тер төккенінің арқасында, мемлекеттік марапаттарға, сый-сияпаттарға ие болды. Қандай қошемет, құрметке де лайық. Бүгінде жасы 90-ға келген тағлымды тағдыр иесіне лайықты құрмет көрсету – бүгінгі жастардың, оның ішінде жамбылдық теміржолшылардың перзенттік парызы деп білеміз.