Қарт майдангер естелігі

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Кешегі қаңқұйлы шайқаста жан беріп, жан алысып, ұрпағына Жеңіс сыйлаған аға ұрпақ Маңғыстау теміржолында да бар. Өкінішке орай олардың көбі бүгінде о дүниелік. Десе де теміржол тарихының бетіне таңбалаған олардың есімі мәңгі жасайды.

Маңғыстау жол бөлімшесінде бүгінде көзі тірі жалғыз ардагер Күбір Тілешов Жетібай станциясында тұрады. Бүгінде 96 жастағы қарт майдангер шүкір, әлі күнге тың, жағдайы жаман емес. Халінен хабар алып келген адаммен тілдесіп, батасын беруден жалықпайды.

1924 жылы Түрікменстанның Небитдаг қаласында дүниеге келген Күбір ата 1943 жылдың күзінде майданға аттаныпты. Владивостоктағы №358 теңіз жаяу әскері қатарында болып, екі жыл елімізді жаудан тазартуға атсалысқан. «Немісті жеңген соң Жапон басқыншыларымен соғыстық.

Көп ұзамай оларды тізе бүктіретініне совет әскерінің еш күмәні болған жоқ, сондықтан фашизмді жеңген біздің әскердің көңіл күйі көтеріңкі болды» деп естелік айтады қарт майдангер. Жасы тура келген соң соғыс біткен соң да әскери қызметін өтеуге қалған Күбір ата 1947 жылға дейін сонда болып, Жапонияда барлаушылар әскері құрамында қызмет атқарыпты. Майдангер соғыста көрсеткен ерлігі үшін II-дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков», «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Сталиннен алғыс хат алған.

Соғыстан оралған соң Ашхабад теміржолында станция кезекшісі болып жұмыс істеп жүріп, 1959 жылы атамекеніне оралады. 1969 жылы Маңғыстауға қоныс аударып, 1984 жылға дейін Жетібай станциясында пойыз құрастырушы болып еңбек етті. Бес бала тәрбиелеп жеткізіп, бүгінде солардан немере шөбере сүйіп отырған қарт қазірде сол Жетібай станциясында тұрады.