Балтық флотының теңізшісі

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семей теміржолында ұзақ жылдар еңбек еткен Ұлы Отан соғысының ардагері Кәмкетай Байыров бүгінде Жеңістің 75 жылдық мерейтойына даярлық үстінде. Қазіргі таңда 94 жасқа аяқ басқан қарт майдангер жыл сайын шеруге киетін теңізші формасын өзі әзірлеп, ордень-медальдарын да жалтырата сүртіп, өңіріне қадауда.

Бірақ, биыл жыл сайын өткізілетін Жеңіс шеруі болмайтындықтан қарт жауынгер мерекені үйде атап өтеді. Дегенмен байырғы әріптестері, әсіресе жас теміржолшылар қарияны жалғызсыратқан емес. Жуырда ғана «Біз біргеміз!» акциясы аясында амандық сұрасып кіріп шыққан болатын.

Қазыналы қария ондайда соғыс жылдары жайлы әңгіме сұраған жандар алдында сол бір сұрапыл күндер туралы айтудан әсте жалықпайды. Қазіргі күндері қимылы ширақ, сөздері мәнді соғыс ардагерінің өткен күндер жайлы ескірмейтін естеліктері мол.

Кәмкетай ақсақал небары 17 жасында, 1943 жылдың қазанында өзі сұранып майдан даласына аттаныпты. Өмірінде теңізді көрмеген қыр баласына Қызыл тулы Балтық флотының теңізшісі болу бұйырған екен. Жеделдетілген бес айлық курстан соң бірден Балтық теңізіндегі соғыс кемесіне жіберіліп, артиллерист міндетін атқарады. Жас жауынгер дәл соғыс өрті қызып тұрған шақта ұрысқа кіріпті.

– Біздің кемеміз жаудың сүңгуір қайықтарымен ұрысқа жиі түсетін еді. Ондайда тәуекелге бас тігуге тура келеді. Ашық теңіз шартараптан қауіпке толы. Әуеден де, судың астынан да кез келген сәтте қатер төнеді. Немістер теңізді де миналап тастаған болатын, – дейді ақсақал сұрапыл жылдарды есіне алып.

Бірде жаудың алып кемесін дәл көздеп суға батырып жібергені үшін артиллерист Кәмкетай Байыров «Адмирал Нахимов» медалімен наградталыпты. Айта кетерлігі, бүкіл Шығыс Қазақстан облысында аталмыш марапатты иеленген жалғыз майдангер.

Әйтседе, жас теңізші үшін нағыз есте қаларлық сәттер 1944 жылдың күзі, жау қоршауында қалған Ленинградты қайтару үшін болған ұрыстарда орын алыпты. Сан ұлт өкілдерінен тұратын кеңес әскерилері тек құрлықта ғана емес, әуе және теңіз күштерін біріктіре отырып ұрыс қимылдарына көшеді. Артиллерист Кәмкетай Байыровтың кемесі үшін жүктелген міндет теңіз айлағына гитлершілдер мен олардың одақтасы фин кемелерін жібермеу, қаланы теңіз артиллериясының шабуылынан қорғау болатын. Бұл міндетті жауынгерлер мүлтіксіз орындайды. Нәтижесінде жау шеңгелінен босаған қалаға құрлық әскерлерімен қатар алғашқы болып кіріпті.

– Адам саны айтарлықтай сиреген, ит-мысық та қалмаған, әбден қираған сүреңсіз қаланы жау бомбалаулары ғана емес, аштық та қырғынға ұшыратқаны көрініп тұрды. Теңізшілерге жүктелген алғашқы міндет көшелердегі қараусыз жетім балаларды, аурулар мен жаралыларды жинау, шаһардың инфрақұрылымын қалпына келтіру болды, – дейді қария.

Балтық аймағы жаудан толық тазартылған соң майдан шебіндегі Рига мен Таллин қалалары жағалауларын күзетіпті. Ұзақ күттірген Жеңіс мерекесін ақсақал теңізде қарсы алыпты. Бүгінде жаужүрек теңізшінің кеудесі ордень-медальға толы. «ІІ дәрежелі ұлы Отан соғысы» ордені мен «Адмирал Нахимов», «Маршал Жуков» медальдары жарқырайды.

Ержүрек жауынгер елге тек 1950 жылы ғана қайтып оралады. Ал бейбіт өмірдегі елеулі жылдарын теміржол саласына арнайды. Атамекені Жарма станциясында еңбек жолын бастапты. 1951 жылдың 15 мамырынан 1986 жылдың 23 мамырына дейінгі аралықта Семей белгі беру және байланыс дистанциясында электромеханик болып абыройлы қызмет атқарды. Сонда жүріп теміржол кассирі Ғалия апамызбен көңіл жарастырып, шаңырақ көтеріпті. Бүгінде ұрпақ қызығына кенеліп, үбірлі-шүбірлі әулеттің ақылшысы болып отыр.

Майдангер теміржолшы осыдан жеті жыл бұрын мемлекеттен 2 бөлмелі пәтер алған. Бүгінде сол үйінде Жеңістің жетпіс бесінші көктемін қарсы алғалы отыр. Қарт майдангер осынау бейбіт күндерге, ашық аспанға, бүгінгідей шуақты өмір үшін шүкіршілік айтудан әсте жалыққан емес.