Соғыс сағымызды сындыра алмады...

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Ұлы Отан соғысының ардагері, қарт теміржолшы Жүнісбек Кәрімов ақсақалмен биыл Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында тағы да кездесіп, қал-жағдайын білдік.

Осыдан төрт жыл бұрын Елордадағы өз үйінде жұбайымен бірге сұхбат алып, естеліктерімен бөліскен қарияның бүгінде 94 жасқа толса да тың екенін көріп қуанып қалдық. Былтыр жыл басында жұбайынан айырылып, жаны жабырқап, жалғызсырап қалған еді.

Қариялардың қос ұлы болған, екеуі де ерте өмірден өтіп, немерелері бөтен болып кеткен екен. Бүгінде қария тумаса да туғандай болған балаларынан тараған немерелерінің қарауында. Соғыстан бас-аяғы 7 жылда оралған 25 жастағы жауынгер Жүнісбек 15 жастағы Ғапурамен отау құрып, екеуі 67 жыл бірге өмір сүріпті. Қан майданға 18 жасында аттанғанда, бұған дейін бірнеше баласы шетінеп барып көрген жалғыз ұлы Жүнісбегін енді көремін бе, жоқ па деп құса болған әкесі үш айда күйігі ішіне түсіп, көз жұмыпты.

Ғасырға жуық өмір сүріп отырған Жүнісбек ақсақал 1926 жылы Ақмола облысының Қажымұқан ауылында дүниеге келген.

Соғысқа шақырылған соң үш ай Алматыда дайындықтан өтіпті. Жауынгерді 348-ші жаяу әскер дивизиясына жібереді. Майдандағы алғашқы күні ардагердің жадында өшпес із қалдырыпты. Жерден де, көктен де оқ жауған қанды қырғыннан аман қалғанына өзі де сенбепті. «Әрі қарай етіміз үйреніп кетті, селт етпейтін болдық» дейді.

– Соғыс біздің сағымызды сындыра алмады, Жеңіс күні жақындаған сайын қайта күшейіп, екіленіп алға ұмтылдық. Тура жеңіске бір күн қалғанда басымнан жарақат алдым. Қайта оқ каскама тиген. Басымнан қан судай ақты. Сөйтіп 7 күн бойы дала госпиталінде жаттым. Көзім көрмей қала ма деп қорықтым. Бірақ біртіндеп жанарым қалпына келе бастады, – деп еске алады ақсақал.

Соғыс біткесін Берлиннен Белоруссияға үш ай жаяу жүріп келген сарбаздар қатарында болған Жүнісбек Кәрімов елге бірден оралмады. Авиациялық училищені тәмамдап, тағы 4 жылдай әскери салада еңбек еткен. Туған жерге елуінші жылдардың басында ғана оралып, авиация саласында алған білімінің арқасында теміржолда белгі беру және байланыс шаруашылығында білікті маманға айналды.1992 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін радиобайланыс бойынша электр механигі, телім бастығы қызметтерін абыроймен атқарады.

Балалық шағы ашаршылық нәубетімен, бозбала кезеңі соғыспен сәйкес келген қарияның бүкіл ғұмыры сынақтар мен қиындықтардан тұрғанына қарамастан қажыры мен қайратының күштілігі сондай, тоқсаннан асса да әлі тың, сөзі ширақ, ойы анық. Тек өмірлік серігінің өзінен жасы көп кіші бола тұра алдымен кеткені қарияның көңілін құлазытады.

– Бәрі де Алланың сынағы ғой. Осылай жазған екен. Пешенемізге жазылған ғұмырды тынысымыз біткенше адал және абыройлы сүріп шықсақ болды. Өз басым ешкімнің алдына қол жайып бармадым, таза еңбегім мен білімімнің арқасында ауыр сынақтардан аман өтіппін. Ендігі өмірім де бір Аллаға аманат. Соғыс сындыра алмаған сағымыз сынбасын деп тілеймін. Бастысы, еліміз тыныш, бейбіт заман болсын! – деп аталық тілегін айтты қария.