Маңғыстауда айлық нәтижелі болды

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Былтыр 23 желтоқсаннан бастап биылғы 23 сәуірге дейін өткізілген «Бүйір рамасын бақылау» айлығының қорытындысы Маңғыстау вагон пайдалану депосы бойынша жаман көрсеткіш көрсеткен жоқ.

Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің вагон шаруашылығы бойынша қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі ревизоры Берік Имашев аймақта өткен осы айлықтың қорытындысын айтып берді. Бас маманның айтуынша, айлық өткізілген 4 айдың ішінде бүйір рамасының 17 ақауы 15 вагоннан анықталған.

– Аталған ақаулықтар негізінен бүйір рамалары мен ЦМБ, КВЗ-И2 арбаларында сызаттар болды. Сонымен қатар ақаулар букстық ойықтың үстіңгі жағындағы тіреуіш қуысында кездескен. Бұдан басқа тесік қуыстар, қалқандағы тесіктер, букс ойығының сыртқы бұрыштарындағы дәнекерлеу іздері, сыртқы басқа да тесіктер, бүйір рамасы табанын ілуге арналған кронштейн маңайында сызат тәріздес темірді құю кезіндегі ақау, радиусы 55 және А аймағындағы тірегіш бөлігінің жарығы мен тағы да басқа ақау түрлері анықталды. Доңғалақ жұптарын осі мен дискісі арқылы тексеру реті бақыланды – дейді ол.

Биыл тек бірінші тоқсанда түбектің вагон қараушылары доңғалақ жұптарының букстық торабынан 11 ақау тапқан. Бұл ақаулар – букстың орнынан жылжып кетуі, букс торабының бұзылуы, сепаратордың сынуы сияқты кемшіліктер. Осы аралықта ВЧД-33 тарапынан телім бойынша жүк және жолаушылар пойыздарының кестеден жаңылуына жол берілмеген.

Вагондар пойыздан ағытылып, ағымды жөндеуге жіберілген. Бүйір рамаларындағы кемшіліктер жойылғасын барып, қатарға қосылған. Ол үшін вагондардың меншік иесі жаңа бүйір рамасын жібереді. Қазақстандық вагон жөндеушілер оны ауыстырып салады.

Бүгінде ақау тапқан теміржолшылардың бәрі сыйақыға, тоқсан сайын бір рет берілетін марапаттарға ұсынылыпты. Басшылық олардың еңбек өтілі мен тапқан ақауының күрделілігіне қарай «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісі немесе ақшалай сыйлықтармен марапаттайтын болады.