Жолсерік карантинге жатқызылды

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбеге Атыраудағы «Теңіз» кенішінде қалған жұмысшыларды тасымалдау «Жолаушылар тасымалы» АҚ арқылы жүзеге асып жатқанын хабарлаған болатынбыз. Бүгінгі күнге дейін үш рейс жасалып, 1278 жолаушы арнайы пойызбен жеткізілді.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ Ақтөбе бөлімшесі мұнай компаниясымен арадағы келісімге орай 22 сәуірден бастап, өңірдің Атырау облысында қызметте қалған жұмысшыларын тасуда. 16 вагондық жылжылы құраммен бір рейсте 400-ден аса мұнайшы келеді. Төтенше жағдай кезінде жұмыс жасап оларға қызмет көрсететін теміржолшылардың барлығы қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 26 сәуір күні таңғы сағат 6:20-да келген жолаушылар пойызындағы екі адамнан короновирус індеті анықталуына байланысты олар отырған вагон жолсерігі карантинге жатқызылған. Дәрігерлердің айтуынша, теміржолшының жағдайы жақсы. Альгоритм тәртібі бойынша науқаспен қызметте, пойызда байланыста болған 100 адам 14 күнге тағы оқшауланған.

«Жұмысшыларды тасуға шығарылған арнайы пойыз вагондарына әр рейс сайын бірнеше сағат бойына дезинфекция жасалынады. Санитар мамандармен вагонның іші-сырты, вокзал айналасына түгел залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. "Ақтөбе-Атырау" арасына арнайы шығарылған жылжымалы құрам 28 сәуір күні соңғы рейсті жасады. Онымен соңғы 500 жолаушы келді», – деп хабарлайды Ақтөбе темір жол вокзалының басшысы Тойбазар Қуанышев.