Түрксібте тұған тұлғалар (Жалғасы - 3)

Меруерт Умирзакова

Меруерт Умирзакова

Түрксіб қазаққа не берді дегенге келсек, ең алдымен Ұлы құрылыс тудырған тұлғалар ауызға оралады. Теміржолды өңі түгіл түсінде де көрмеген қазақтар теміржолшы кәсібін жылдам меңгерді. 1930-32 жылдардың өзінде жүздеген қазақтар түрлі кәсіптерді игеріп, теміржолда жұмыс істей бастағаны айтылады.

Басы:

Түрксібтің тарихы туралы не білеміз?

Түрксібтің тарихы туралы не білеміз? (Жалғасы-2)

Иә, теміржолшы Тынышпаевтың ізбасарлары аз жылда қаулап өсіп шықты. Түрксіб құрылысындаақ танымал болған Мәженов мен Балғаевтың соңынан Бөкежан Аспаев, Олжабай Байтұлақов, Нақысбек Байшапанов, олардың ізін ала пойыз құрастырушы Жолдыбай Сыздықов, слесарь Тіленші Аппаев пен Әбдуәлі Балғымбеков, жол шолушы Мұхамеди Жарболов, жол шебері Әбілахат Құлтанов, атақты матайлық машинист Мұхтар Қаптағаев, семейлік жол шебері Б. Исабеков тағысын тағы нағыз теміржолшы мамандар өсіп шықты. Түрксібтің бойындағы бүкіл құрылысқа басшылық жасаған Мұстафа Қазыбеков, Түрксібтің бас инженері Жұмағали Омаров, Темір Тәшенов атанған Төлеш Тәшенов, Түрксібтің жолаушы тасымалын ширек ғасыр басқарған қазақтың қайсар қызы Фатима Күленова, Жол бастығына дейін көтерілген Құдайберген Дүйсенов, Көбжан Мұхамеджанов, Төлеген Манасов, Ербай Боранбаев, Сырлыбай Байжанов, Есен Дүйсенов, Әуезхан Салықбаев, Мұсахан Әлімжанов, Байзақ Пірманов, Рымбек Тұрғамбаев, Мұхтар Бисембиев сынды тек Түрксіб емес, Қазақ темір жолын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан қадау-қадау тұлғалар өсіп шықты. Олар мемлекеттік ең үлкен марапаттарға ие болды, он шақтысы Социалистік Еңбек Ері атанды. "Адамдар Түрксібті салды -Түрксіб адамдарды тәрбиеледі" деген қанатты сөз пайда болды сол жылдары.


Ал кешегі Ұлы Отан соғысы жылдары Түрксібтің рөлі өлшеусіз болғаны белгілі. Соғыстың алғашқы күндеріақ Қазақстан Қызыл Армияны қаружарақ, оқ-дәрі, жанар-жағармай, киім-кешек, тамақ тағы басқа керекжарақпен қамтамасыз ететін қуатты арсеналға айналғаны белгілі. Ал сол жүктің бәрі теміржолмен тасымалданды. Соғыс жағдайына байланысты қайта құрылған Түрксіб теміржолшылары тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеді, батысқа қарай жөңкіген эшелондарда есеп жоқ еді.

Ал Ресей мен Украинадан Қазақстан мен Орта Азия елдеріне тұтас зауыттар мен фабрикалар көшіріліп жатты. Теміржолшылар майданға «Турксибовец» танк колоннасын жабдықтап жөнелтті.

Соғысқа аттанған түрксібшілердің орнын әйелдер мен қарттар, бұғанасы қатпаған жас балалар басты. Әйелдер арасынан паровоз машинистері шығып, А. Г. Воробьева, Клавдия Калужина, Забира Жүсіповалар ерлермен қатар майданға әскери жүктерді тасымалдады. Үштөбелік Иван Косенков пен алматылық Иван Шапшаевтар соғыста Кеңес Одағының Батыры атанды. Шапшаев – атақты Панфилов дивизиясының 34-ші Батыры.

Түрксіб құрылысшысы Балтабек Жетпісбаев полк командирінің орынбасарына дейін өсті. Алматы теміржол ауруханасының дәрігері Александр Сухоруков майдан даласында мыңдаған жауынгерді ажалдан құтқарды. Соғыстан кейін сүйікті Түрксібіне қайта оралып, теміржол ауруханасында ұзақ жыл еңбек етті. Матайлық «бесжүздікші» Мұхтар Қаптағаев, аягөздік электромеханик Қыдырма Арқабаевтар, тағысын тағы мыңдаған түрксібшілердің соғыс кезіндегі ерен еңбегі ерліктің хас үлгісі болды. Міне, бұлардың бәрі Түрксіб туғызған тұлғалар еді.

Бүгінгі күні Қазақ темір жолының өн бойында сол даңқты түрксібшілердің ұрпақтарын көптеп кездестіруге болады. Аталар дәстүріне адал, теміржолшылар династиясын жалғастырып жатқан олар түрксібшілер ұрпағы екенін орынды мақтан тұтады.   

***

Қазақ темір жолына жарты ғасырға жуық еңбегі сіңген ардагер, «ҚТЖ»ҰК»АҚ Басқарма төрағасы жанындағы Консультативтік кеңес мүшесі Қалтай Сәмбетов Түрксіб – қазақтың бағына біткен құрылыс деп санайды. – Түрксіб құрылысы бүкіл Кеңес одағы үшін маңызды болғаны ақиқат. Ал Қазақстан үшін оның маңызы тіпті орасан болды. Кеңес үкіметінде Америкадан сатып алған кран мен экскаватор сияқты бірнеше техника болды әрине, бірақ тоқсан тоғыз пайызы тек қайла мен күрек, кетпен, балта мен сом балға ұстаған қарақұрым ел қолмен салып шыққан Түрксіб темір жолы – шын мәнінде рекордтар кітабына енетін құрылыс болғаны анық.

Жасыратын несі бар, тек мал шаруашылығымен күнелтіп, отырықшылық пен егіншілікке ендіенді үйрене бастаған қазақтар үшін Түрксіб – индустрияландыру мен техникалық прогресске бетбұрыс болды. Тұңғыш қазақ инженерлері, технарлар өсіп шықты. Жұмысшы класс, техникалық интеллигенция пайда болды, орыс тілін білмек түгіл, хатты әрең танитын қазақтар Мәскеу мен Ленинградта оқуға мүмкіндік алды. Шығыста «Жол дегеніміз – өмір» деген орынды айтылған тамаша сөз бар. Теміржолдың айналасы елге толды. Шар, Жарма, Аягөз, Матай, Қапшағай, Отар, Шу секілді көптеген станциялар мен разъездер ашылып, халық тығыз қоныстанған ауылдар, поселкалар пайда болып, колхоз-совхоздар құрылып, аз ғана жылда Қазақстанның дамуына орасан зор әсер еткен осы Түрксіб темір жолы болды.

Бүгінгі Түрксіб – ежелгі Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруы десек артық айтпаймыз. Себебі, ол кезде тек Одаққа қызмет етсе, тәуелсіздіктен кейін өзімізге, Қазақстанға қызмет етіп, жаңаша мазмұнда дамып, жаңаша түлеуге бет бұрды. Айналамыздағы көрші елдермен көлік, сауда және экономикалық қарым-қатынас Түрксібтің рөлін одан әрі арттырды.

Түрксіб арқылы Қытаймен бір емес, екі бірдей шекаралық өткеліміз бар бізге көрші елдер қызығады. Бүкіл Еуропа елдерімен, Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Тәжікстан мен Ауғанстан, Түркіменстан, Иран… бәрімен тікелей байланыс орнатып, жүк тасымалдауда Қазақстан темір жолының күретамыры Түрксіб магистралінің маңызы бұрынғыдан да өсе түсті, былайша айтқанда, тар шеңберден шығып, құлашын кеңге жайды, ауқымдылығы арта түсті. Ал енді бүгінгі техникалық прогресстің шарықтауы, технологиялық даму, электрофикация, сандық технология, соңғы буын техникалар туралы әңгіме бөлек. Шойынжолды жалаң қолмен салып шыққан аталарымыз мұндайды армандаған да жоқ.

Сондықтан, Түрксіб – мәңгі, кеше де, бүгін де, ертең де жасай береді. Ал болашақ ұрпақ алдында даңқы шартарапқа жайылған, аты аңыз болған сол Түрксібке құрмет, мыңдаған түрксібшілердің ғажайыпқа толы өшпес ерлігін тарихта қалдыру үшін Қазақ темір жолының бір топ ардагерлері Түрксібтің 90 жылдығына орай Луговой станциясына «Түрксіб» атауын беру, ал Алматыдан Түрксіб құрылысшыларына ескерткіш-стелла орнату туралы бастама көтеріп, тиісті орындарға хат жолдадық. Ұлы құрылыстың торқалы тойына орай өтінішіміз қабыл болар деп үміттенеміз. Бұл – қай жағынан болса да әділ шешім болары сөзсіз, – деп түйіндеді ардагер.

Түрксіб тарихына қатысты деректер мен дәйектерді жинастыруда ардагер-теміржолшылар естеліктері мен Алматы темір жолы мұражайының фотосуреттері, құжаттары пайдаланылды.