Теміржолшыларға онлайн үндеу жариялады

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Әлемді әбігерге салған короновирус індеті жағдайында тоқтаусыз жұмыс істеп жатқан саланың бірі – теміржол.

Бүгінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да 120 000 қызметкер жұмыс істейтін болса, олардың 41,5% қазіргі карантин жағдайында өндірісте өз қызметтерін абыроймен атқаруда. Теміржолшыларды індеттен қорғау мақсатында ұлттық компания тарапынан 750 мың маска, 510 мың дана жұп қолғап, 36 000 литр антисептик, 24 000 зарарсыздандыру құралдары сатып алынған. Сонымен қатар жұмысшылар ауысымға түсер алдында және жұмыстан шыққанда медициналық байқаудан өтіп, дене температурасын, қан қысымын өлшеу сынды шаралардан өтуі міндеттелген.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарушы директоры – бас инженері Батыр Котырев «Біз біргеміз» акциясы шеңберінде теміржол саласы еңбеккерлеріне онлайн үндеу жариялады.

Батыр Котырев бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде өндірісте жүрген теміржолшыларға демеу білдірді, қауіпті аймақта жұмыс істей жүріп, яғни, жылжымалы құрамдар тоқтаусыз жүріп жататын аймақта еңбек етіп жатқан олардың қазіргі карантин жағдайында вирус жұқтырып алу қаупінің бар екенін жоққа шығармады. Сондықтан мүмкіндігінше қажетті қауіпсіздік шараларын пайдаланып, сақтау аса маңызды екенін жеткізді.

«Қазақстан темір жолы» компаниясы, әлеуметтік жауапты компания ретінде өзінің әрбір қызметкеріне айрықша көңіл бөліп отыр. Компания зарарсыздандыру құралдарын, санитайзерлер, жеке қорғану құралдарын, маскалар, бір реттік қолғаптар, антисептиктер сатып алуға 880 млн теңгеден астам қаржы бөлді. Десе де, жұмыс орнында жеке бас гигиенасын сақтаңыздар. Адам денсаулығын қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз орындағанда ғана сақтай алады. Күллі әріптестеріме дендеріне саулық, бастарына амандық тілеймін. Біз біргеміз!», – деді бас инженер.