Түрксібке – 90 жыл: бай тарихымыз, даңқты дәстүріміз бар

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Бүгінгі Семей жүк тасымалдау бөлімшесі – кешегі Түрксіб теміржолының заңды мұрагері. Ғасыр құрылысына қатысқан даңқты түрксібшілердің әулеттері ел шығысында қазіргі күні де еңбек етуде. Сондықтан биылғы жылы аталып өтетін ұлы құрылыстың 90 жылдығы семейлік теміржолшылар үшін орны ерекше. Осы орайда бөлімшедегі «ТүрксібСемей» мұражайының директоры, тыл және еңбек ардагері теміржолшы Мақсұт Көшжанов ой-пікірімен бөлісті.

– Мақсұт Көшжанұлы, әуелгі кезекте Түрксіб теміржолының ықшам тарихына, соңғы жылдарда айтылып жүрген соны деректерге тоқтала кетсеңіз.

– Бүгінгі тарихшылар арасында «шын мәнінде қазақ теміржолы Түрксібтен басталады» деген пікір бар. Ол негізсіз емес. Себебі, төл тарихымызда тек Түрксіб теміржолы құрылысынан бастап қана ұлты қазақ мамандар қалыптасып шықты әрі ел өміріне де орасан зор ықпал етті. Тұрар Рысқұлов пен Мұхаметжан Тынышпаев сияқты көрнекті тұлғалардың айналасында теміржолшылардың зиялы қауымының алғашқы шоғыры қалыптасты.

Тоқтала кетсек, 1927 жылдың 15 шілдесі күні солтүстіктен - Семейден және осы жылдың 2-ші қарашасы күні оңтүстіктен - Луговой станциясынан бастап алғашқы рельстер төселе бастаған. Жұмыс күші ретінде 1929 жылы 40 мың, 1930 жылы 50 мың адам тартылған. Ресей мен Украинадан мамандар, инженерлер келді. Ал, қара жұмыстарға қыр қазақтары тартылғандықтан, ұлттық мамандар дайындау қоса жүргізілді. Түрксіб жайлы еңбектерге сүйенсек, осы жылдары 10 мыңнан астам қазақ теміржолда еңбек етіпті. Нәтижесінде құрылыс жоспардан бір жыл ерте аяқталды. Сөйтіп, 1930 жылдың 28-ші сәуірінде 9 сағат 04 минутта Айнабұлақ станциясында ТүркістанСібір теміржолының солтүстік пен оңтүстік телімдері түйісті.

Ал, Түрксіб қазаққа не берді десек, сауатсыздықпен күрес жүргізіліп, жаңа жұмыс орындарына тартылған, отырықшылыққа көшкен қазақтардың көбі осы жолдың арқасында ашаршылық жылдары аман қалды. Сондай-ақ, республика астанасының Қызылордадан Алматыға көшуіне ықпал етті. Шар, Жаңғызтөбе, Жарма, Аягөз, Ақтоғай, Үштөбе, Лепсі, Матай, Сарыөзек, Шу, Отар сынды қалалар мен жұмысшы кенттері бой көтерді, тағысын тағылар...

– Түрксіб құрылысының зерттелуі жайында не айтасыз? Тарихта әділ бағасы берілді ме?

– Бай тарихымыз, даңқты дәстүріміз бар. Оны зерттеу, бағалау әлі де жалғасып жатыр. Қазақ теміржолын, оның ішінде Түрксіб құрылысын зерттеу мен зерделеуде белгілі теміржолшы-ғалым Нығметжан Есенғариннің еңбегін айта кеткен жөн. Бір ғана мысал, Түрксіб теміржолының 80 жылдығына орай Нығметжан Қабатайұлының бастамасымен Түрксіб құрылысының қайраткері, қазақ ұлтынан шыққан белгі беру және байланыс жүйесінің алғашқы басшысы болған Құрметті теміржолшы Қапсидар Омарұлына Семей қаласынан көше аты беріліп, мемориалдық тақта орнатылды. Осынау шараның өзі теміржолдағы жастарға үлкен тәрбие көзі болды. Ондай ардагерлеріміз көп, сондықтан Түрксібті зерделеу, түрксібшілерді тану ісі әлі де жалғаса береді деп сенемін.

– Өзіңіз құрған «Түрксіб-Семей» мұражайының жәдігерлер қоры туралы да айта кетсеңіз...

– 1957 жылдан бері Түрксіб теміржолын салушылардың аңызға бергісіз әңгімелерін өз ауыздарынан естідім. Көпшілігінің шәкірті болдым. Шар, Делбегетей, Жарма станцияларының басшысы болған Түрксіб құрылысшылары – Шаймерден Чуженов, Бөкежан Аспаев, Жарылғасын Мұхаметжанов, Жұмағазы Садықов, жолшы Көбдәлі Жақиянов, Шаймардан Құлжанов сынды көне көздердің еңбек тәсілдерін, жұмыс тәртіптерін көріп, Түрксіб шежіресіне қанықтым. Ал, 2015 жылы Түрксіб теміржолының 85 жылдығы мен Алтай теміржолының 100 жылдығына орай бөлімше басшыларының қолдауымен музей ашуға қол жеткіздік. Бүгінде мұражайда 1145 жәдігер бар. Шежіреге толы фотосуреттер мен деректі кинофильмдер қоры да сақтаулы. Кейбір эксклюзив бұйымдар желі бойындағы станцияларды аралау кезінде кездейсоқ табылды. Құрылыс жұмыстары кезінде табылған дүниелерді теміржолшылардың өздері әкеліп те өткізген кездері болды. Ал, Түрксібтің құрыш білекті құрылысшылары туралы олардың ұрпақтарынан, ақсақалдардан там-тұмдап жинап, жазып алдым. Бүгінде музейге бас сұққан студенттер болсын, теміржолшылар болсын, сол жәдігерлер мен құжаттар арқылы бір нәрсені танып біліп жатса – Түрксібтің даңқты тарихын паш етудегі титтей еңбегіміздің еленгені деп білемін. Кешегі түрксібшілердің даңқты дәстүрлерін танып білу аз, оларды жалғастырып, бай тәжірибесін дамыту қажет.

– Әңгімеңізге рахмет! Түрксібтің торқалы тойы құтты болсын!